Билік

Воскресеновка селолық округі әкімінің есебі

 

 

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Мамлют ауданына қарасты Воскресеновка селолық округінің әкімі Нееля Белоногова өткен жылды қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берді. Округ басшысының айтуынша өткен  жыл ауылдықтар үшін жемісті болды. 15 мыңнан астам гектар жерге астық егіліп, жиналды. Гектар берекелігі 20-28 центнерді құраған.
 
Нееля Белоногова, Воскресеновка селолық округінің әкімі:
– Біз әрқашан туындаған мәселелерді тез арада шешуге тырысамыз. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшымызды беруге даярмыз. Ағымдағы жылы балалар алаңқайын салуға 250 мың теңге бағыттайтын боламыз. Оны құруда “Жұмыспен қамту- 2020” бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Интернет желісі және ұялы телефон байланысына қатысты проблемалар да шешілетін болады.

Білім мен мәдениет жағынан да аталмыш округ аудан көшін бастап келеді. Мәселен, өткен жылы Воскресеновка орта мектебі Мамлют ауданында ҰБТ нәтижесі бойынша бірінші орынға ие болған. Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы да әрдайым жеңіс шыңынан көрінеді екен. Алайда бұл ауылда медициналық қызметкерлерінің тапшылығы тұрғындарды алаңдатып отыр.

Нееля Белоногова, Воскресеновка селолық округінің әкімі:
Медицина саласының қызметкерлеріне қатысты туындаған кемшіліктер жойылды. Жұмыстан өз еркімен кеткен 2 дәрігердің орнына мамандар шақырылды. Олар дүйсенбіден бастап өз міндеттеріне кіріспек.

Өткен жылы қозғалған мәселелердің бірі жаңа трансформатор орнату қажеттілігі. Жақын арада азаматтардың бұл өтініші орындалмақ. Трансформатор орнату үшін 1 млн теңгеге жуық қаражат бөлу  жоспарланып  отырған көрінеді. Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдаулары да ауылдықтардың жіті назарында. Тұрғындар Президенттің кезекті маңызды құжатын мұқият тыңдап, бірауыздан қолдап отыр.

 

Әсел Белгібекова, Воскресеновка орта мектебінің мұғалімі:
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауында  оқу- білімге көп көңіл аударды.
Оның жолдауы мектепте істелініп жатыр деп айтуға болады. 2 жыл бұрын физика кабинеті толығымен жабдықталды, орыс тілі мен әдебиеті кабинетінде интерактивтік тақталар қойылып жатыр. Интернетке тікелей қосыла аламыз.  

Бұл жерде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру да қолға алынған. Бағдарлама аясында 7 азамат кәсіптік білім алуға жөнелтіледі. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер саны – 9 . Жыл сайын мал шаруашылығы да дамып келеді. Мәселен, 211 тұрғыны бар Становое селосында 251 ірі қара, 1200 жас төл, 194 шошқа және 73 жылқы бар. Воскресеновка селолық округінің азаматтарын толғандырып жүрген өзекті мәселелерінің бірі – ауыз су проблемасы. Бұл жерде су мұнарасы 1 сағат қана жұмыс істейді. Сондықтан кей тұрғындар аудан, облыс орталықтарынан су тасуға мәжбүр. 

 
Бақыт Сәрсекеева, Воскресеновка селолық округінің тұрғыны:
-Бүгін бір қуанышты хабар естіп жатырмыз су мәселесін шешуге қаражат бөлінген екен.
Осы мәселе жуық арада шешіледі деп ойлаймын. Су беретін жер бар. Бірақ ол 1 сағат істейді және бізге қолайсыз.

Айдана Демесінова