Білім

СҚМУ студенттері Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылады

 

 

 

75 жылдық тарихы бар СҚМУ бүгінге дейін 37 мыңнан артық жоғары білікті маман даярлапты. Қазір мұнда 8 факультет пен 35 кафедрада 7 мыңнан артық студент білім алуда. Оларға 1400 оқытушы дәріс оқиды. 200-ге жуығының ғылыми атағы бар. Материалдық кешені заман талабына сай жабдықталған .
 
Мақпал Әділбек, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Ел болашағы жастарға сапалы білім қажет.
Оны мен осы оқу орнында алып жатырмын. Оқу құралдары жеткілікті. Компьютерлерде жұмыс істейміз. Бәрі заман талабына сай.  

Жоғары білім ошағының ұжымы бағындырған жетістіктерін болашақта одан әрі еселей түсу үшін Елбасы ұсынған тың жобаларға сүйенеді. Оны тәжірибеге енгізіп, жемісін де көріп жүр.

Мүкәрам Тайжанова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры:
– Бізде өткен жылдан академиялық мобильді топ жұмыс істейді. Ол арқылы жақын және алыс шетелдерден профессорларды шақыртамыз. Олар біздің студенттерге дәріс оқиды.
Осы арқылы халықаралық білім деңгейіне жетуді көздеп отырмыз. Оның бәрі студенттердің сапалы білімі үшін.  

Еліміздегі үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда білікті мамандар қажет-ақ. Бұл ретте отандық оқу кешендерінің санын емес, сапасын арттыруға басымдық беріліп отыр. Әсіресе өмірлік кәсіп меңгеру қолжетімді болуы керек.

Оңдасын Әшімов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
Ең алдымен бізге жұмыс берушілермен жақсы әріптестік қатынас орнату қажет. Алған білімдерін студенттер іс жүзінде қолдана білмейді. Бұл өндірістік тәжірибенің аздығында. Барлық емтихандарды компьютердің көмегімен жүргізуге қол жеткізу керек. Бұл шынайы білімін көрсетеді. Және жемқорлыққа жол бермейді. Оқытушыларды бағалау жүйесін енгіздік. Бұл жұмыс та құпия түрде жүргізіледі.

Оқу орнында көп тіл меңгеру мәселесіне баса мән беріледі. Екатерина Шайхутдинова тіл және әдебиет институтында оқиды. 1-ші курс студенті мемлекет есебінен тегін білім алып жатыр.

 Екатерина Шайхутдинова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
-Президент айтқандай, әр қазақстандық  3 тілді еркін меңгеруі керек.
Сондықтан мен бүгінгі күнде қазақ тілін үйреніп жатырмын. Болашақта қазақ тілінің маманы ретінде мемлекеттік тіліміздің дамуына өз үлесімді қосамын.  

Жолдау айқындаған мақсаттар орындалуы үшін әлемнің озық үлгідегі технологиялары мен тәжірибесін пайдаланып, халықаралық талаптарға сай қазақстандық университеттер құру қажеттігі туып отыр. Елдің дамуын өз қолына алатын білімді ұрпақ тәрбиелеуде мұның маңызы зор.

Жеңіс Ермұқанов