Спорт

Кикбоксингтен ел чемпионаты

 

 

 

Республикалық турнир Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылған күніне орайластырылыпты. Жарыстың салтанатты ашылуымен спортшыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары, өңірдегі бокс және кикбокс федерациясының президенті Айдарбек Сапаров құттықтап, сәттілік тіледі.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Спортты дамытуға біздің Елбасымыз өте көп көңіл бөледі. Жыл сайын республика бойынша спорттық құрылғылар қолданысқа беріледі.

Алғашқы кездесу павлодарлық Қайрат Кәкім мен жерлесіміз Жанат Жақыповтың арасында өтті. Бес жыл көлемінде кикбоксқа әуес Қайрат Кәкім жеңісті қолдан бермеді.

Қайрат Кәкім, жарысқа қатысушы, Павлодар қаласы:
– Кездесу өте тартысты өтті деп ойлаймын. Жарысқа келгеннен кейін әрбір спортшы барынша жақсы дайындықпен келеді.

Ал келесі ұрыс нәтижесі жерлесіміз Айбек Төлебаевтың пайдасына шешілді. Бүгінде 3 мәрте Қазақстан чемпионы, спорт шебері атанып отырған ол рингте өзін жақсы қырынан танытты.

Айбек Төлебаев, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
Қарсыласым Павлодар қаласынан келген мықты спортшы. Сондықтан жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жарысқа дайындығым жаман емес. Алдағы кездесулерде де жеңіске жетемін деп ойлаймын.

Жарысқа барлығы 105 спортшы қатыспақ. Жүлделі орындарды иелену үшін Астана, Павлодар, Қостанай, Көкшетау және Петропавл қалаларының спортшылары өзара сынға түседі.

Сабыржан Сақтағанов, жарыстың бас төрешісі:
Мұндай турнирді біз жыл сайын өткіземіз. Ондағы мақсатымыз – осы спорт түрінен мықтыларды анықтау. Ал жеңімпаздар Қостанайда жастар арасында өтетін республикалық  чемпионатқа қатысуға жолдама алады.

Жалпы турнирдің бірінші күні 28 кездесу өтеді. Бұл сында өңір намысын 60 спортшы қорғамақ. Ал жеңімпаздар есімі 12 ақпан күні белгілі болады.

Әспет Әбдірешова