Мәдениет

Фотосуретші Александр Коротковтың көрмесі

 

 

  

Бұл көрме экспонаттарын сурет дегеннен гөрі фотоқұжат түріндегі өңір тарихы десе дұрыс болар. Өйткені олардың әрқайсысы өлкемізде болған  ерекше оқиғалармен тығыз байланысты дейді автор. Экспозицияға 60-тан астам түрлі кезеңдегі ақ-қара және түрлі-түсті фотосуреттер мен фотоаппараттар қойылған. Осымен 6-шы жеке көрмесін өткізіп отырған Александр Коротков бұл саладағы өзінің алғашқы қадамдарын үлкен тебіреніспен еске түсіреді.

 Александр Коротков, КСРО және ҚР Журналистер Одағының мүшесі, фотосуретші:
-Мен фотоаппаратты 11-12 жасымда қолға алып, суреттер жасай бастадым. Оны әжем сыйлаған болатын. Ең сүйікті суретім де сол кісінің бейнесі. Бұл сурет сөніп бара жатқан  шамдар мен кәрілікті ұштастырып тұрғандай.  

Көрмеге  фотосуреттерде бейнеленген жерлестеріміз де келді. Олар Александр Коротковтың еңбектерінің көркемдік мәнерімен және композициялық құрылымымен ерекшеленетіндігін айтады. Туған жердің табиғаты мен жарқын оқиғалар да әрқашан фототілшінің назарында.

 Алексадр Липовой, еңбек ардагері:
– Менде сіздің бірқатар суреттер жинағыңыз бар. Олардың құндылығы өте жоғары. Сондықтан осындай көрменің жұртшылық назарына ұсынылғанына қуаныштымын.  

Фотосуретшінің немересі Данил Коротков та атасының жолын қумақшы. Ең елеулі оқиғалар қазірдің өзінде оның фотоаппаратының объективінен тыс қалмайды.

  Данил Коротков:
– Мен де атам сияқты фотосуретші болғым келеді. Табиғат көрінісін суретке түсіргенді ұнатамын.
Ал атамның суреттерінің ішінде фуктбол тақырыбына арналған жұмысы ұнайды.

«Есіл өңірінің табиғаты мен адамдары» көрмесі өз келушілерін 1 ай бойы қуантпақ.

Инеш Шоқақова