Аптадағы маңызды жаңалықтар

Халықты жұмыспен қамту – басым бағыт

 

 

 

“Жұмыспен қамту- 2020” бағдарламасын жүзеге асыру үшін өткен жылы елімізде арнайы орталықтар құрылған болатын. Петропавлдағы жұмыспен қамту орталығы 2011 жылы жұмыссыз жүрген 968 адамға екі қолға бір күрек табуға жәрдемдескен. Бұл мақсатқа 34 млн. теңге қаражат бөлініпті. Оның 21 млн-ы әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жұмсалған.

Әшім Жылқайдаров, Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығының инспекторы:
– Кәсіби оқытуға 382 адам жіберілді. Олар 9 оқу орнының базасында 17 мамандық бойынша оқытылды. Оның ішінде 126 адам кәсіби оқытуға бағытталды, 150 адам қайта оқытылды, 106 адам біліктіліктерін арттырды.

Осы күні 256 адам оқыту курстарын тәмамдаған. Оның 98-і еңбекпен қамтылған. Ал 158-ін биыл орналастыру көзделген.

Әшім Жылқайдаров, Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығының инспекторы:
 -Барлық жағдайда оқыту бюджеттік қаржы есебінен жүргізіледі. Әрі стипендия төленеді. Оның мөлшері 2011 жылы 12 188 теңгені құрады.

Халықты жұмыспен қамтуға Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айырықша мән берді. Осы бағытта өткен жылы әзірленген бағдарламаны жүзеге асыруға биылғы жылдан бастап мықтап кірісу қажет деді Елбасы. Бұл міндетті орындауға жұмыспен қамту орталығындағылар белсенді атсалыспақ. 2012 жылы 170 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесінен өту үшін 185 тұрғын қаладағы ұйымдар мен кәсіпорындарға жіберіледі деп жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 77 млн. теңгеден артық қаржы бөлініп отыр.

Әшім Жылқайдаров, Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығының инспекторы:
-Қаладағы 29 ұйым, кәсіпорындармен 225 әлеуметтік жұмыс орнын құруға келісімшарт жасалды. Жастар тәжірибесінен өтуге 50 ұйым және кәсіпорынмен 220 жұмыс орнына келісім жасалды.  

186 адам оқытуға жіберілмек. Олар техникалық мамандықтар бойынша білім алады. Жалпы биылғы жылы бағдарлама шеңберінде 699 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Айымгүл Әбілева