ТКШ

“Есіл судың” алдағы жоспары ауқымды

 

 

 

«Есіл су» кәсіпорны өңіріміздің 11 ауданы мен көрші Қостанай облысының екі ауданын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Өткен жылы қосымша тағы 7 елді мекен магистральдық су құбырына қосылыпты. Сөйтіп, бүгінде барлығы 224 ауылға таза ауыз суы жеткізілген. Жалпы 2011 жылды оң нәтижелермен аяқтап отырмыз дейді кәсіпорын директоры. Былтыр   кіріс  2010 жылға қарағанда 19 пайызға артып, 165 млн. теңгеден асып жығылған. Тағы бір маңызды жайт, су құбырларындағы апаттар да өткен жылы біршама азайыпты.

Серік Ысмайылов, “Қазводхоз” РМК “Есіл су” филиалының директоры:
-Егер 2011 жылы 1655 апат болса, оның барлығын уақытында жойдық. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 214 апатқа азайды. Былтыр тұтынушыларға 3 млн. 121 мың текше метр су бердік.  

Дебиторлық берешекті қайтару бағытында өткен жылы үлкен жұмыс атқарылған. 14 млн теңгеден артық қарыз өндіріліп алыныпты. Биылғы жылға да ауқымды жоспар қойылып отыр. Кәсіпорындағылар «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға мықтап кіріспек. Бұл бағдарлама шеңберінде өңірдегі су құбырларын толықтай қалпына келтіру көзделіп отыр.

Серік Ысмайылов, “Қазводхоз” РМК “Есіл су” филиалының директоры:
– Әзірше Соколов топтық су құбырында жұмыс басталды.
Оның құны – 5 млрд. 200 млн. теңге. Екінші қадам наурыз айында Преснов су құбырында жұмыс басталады. Ол – 14 млрд. теңге. Одан кейін жазда Булаев, одан кейін Есіл топтық су құбырында жұмыс басталады.

Барлығы облыс бойынша 11 мың 785 шақырым су құбыры қалпына келтіріледі. Бұл мақсатқа 298 млрд 620 млн теңге қаражат жұмсалмақ. Жөндеу жұмыстары 2014 жылы аяқталады деп межеленіп отыр.

Серік Ысмайылов, “Қазводхоз” РМК “Есіл су” филиалының директоры:
80 пайыз ауру су сапасының төмендігінен болады екен. Осы бағдарламаны жүзеге асырсақ, ауру да азаяды деген сөз, халықтың әлауқаты көтеріледі деп жоспарлап отырмыз.

Осылайша 2020 жылға дейін ауыл халқының 84 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.

Айымгүл Әбілева