Білім

«Жарқын болашақ»

 

 

Диана Тілеу қазақ мектеп-гимназиясының 11 сыныбында оқиды. Ол «Жас ғалымдар» номинациясында бағын сынады. Олимпиадаға «Жыраулар поэзиясындағы жауынгер жырау бейнесі» атты ғылыми жобасын әкеліпті. Диана жұмысын жетекшісінің берген бағыт-бағдарына сүйене отырып, бір жыл көлемінде жасаған. Болашақта ол журналистика саласында жұмыс істесем дейді.

Диана Тілеу, қазақ мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы:
– Ғылыми жобаның негізі бұл жыраулар поэзиясындағы жауынгер жырау бейнесін ашу арқылы солардың жеке тұлғалық бейнесі, азаматтық көзқарасы, дүниетанымы, қоғамдағы орны табылады.

«Әнші бұлбұлдар» аталымында 19 үміткер бағын сынауда. Қатысушылар бұл сында тек қазақ тілін біліп қана қоймай, оның орфоэпиялық заңдылықтарын сақтай отыра, жанды дауыспен қазақ халық әндерін орындаулары шарт. «Жарқын болашақ» олимпиадасын «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры жыл сайын өткізеді. Олимпиада 6 номинацияны қамтиды. Олимпиаданың негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оқушылардың қазақ халқының әдебиетіне, салт-дәстүріне деген қызығушылығын арттыру дейді қалалық білім бөлімінің әдіскері Зухра Ауғанбаева.

Зухра Ауғанбаева, Петропавл қаласы білім бөлімінің әдіскері:
-Қазылар алқасы белгіленген тәртіппен 5 балдық жүйемен оқушылардың білімдерін саралап, бағалауда.

Бақтылы Тюляева оқушыларын білім сайысына үкілеп, №5 орта мектептен келген. Тапқырлық пен терең білімді қажет ететін сын кімге болса да оңай емес дейді. Бірақ оқушыларының жерге қаратпайтынына нық сенімді.

  Бақтылы Тюляева, №5 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
– Балалар бүгін жақсы дайындалып келді. Оқушылардың басты міндеті өздерінің дайындығын, нәтижесін көрсету.

Қалалық кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар облыстық сайысқа жолдама алады. Ал ол сайыста бағы жанғандар республикалық олимпиадаға қатыспақ. Республикалық кезең сәуір айында өткізіледі.