Денсаулық сақтау

Көктайғақта жарақаттанғандар көбейді

 

 

 

Биылғы көктайғаққа қарсы жолдарға тұз бен құм қоспасын себуге қалалық қазынадан 18 млн теңге қарастырылыпты. Бұл қаржының 3 млн теңгесіне алынған қоспа жаяу жүргіншілер тайғанамас үшін тротуарларға төселеді. “Коммунхоз” кәсіпорынының арнайы техникалары күн сайын көлік нысандары мен адамдар аз қатынайтын таңғы сағат 5 пен 9 аралығында осы шаруаны тындырып жүр. Алайда атқарылған іс қалалықтардың барлығының бірдей көңілдерін көншітпейтін сыңайлы.

– Кісі жүретін жерлерге төсеп жатыр. Құм аяқты тайдырмайды ғой. Жүруге оңды. Көшелерге төгіп жатады кейде машинаның доңғалағының астына.  
– Құм себу керек. Құм сепсе, оңды болады. Әйтпесе тайғанақ, келе жатып құлап қаласың
-Өте тайғанақ, жуырда қатты құлап мертігіп қала жаздадым. Еркін көсіліп жүре алмайсың. Көшеге шығу қауіпті. Абырой болғанда жарақаттанған жоқпын.  

Ал Дмитрий Тиханюк аяғы тайып құлағанда жолы болмай, көктайғақтың кесірінен ауруханаға түскендердің бірі. Үлкен жіліншік сүйегі сынған азамат әлі 1 айдай аяғына гипс таңып жүруге мәжбүр.

Дмитрий Тиханюк:
-Көшеде жүріп келе жатқанда құладым. 6 апта гипспен жүріп, кейін де емдік шараларды жүргізу керек. Мұнда жатқаныма 1 апта болды. Кеше ота жасады.

Анатолий Сураев ақпанның 3-інде  емдеу мекемесіне түсті. Дүкенге шыққан 72 жастағы зейнеткер аяғын жарақаттап алған.

Анатолий Сураев:
-Үйден шығып, дүкенге барар жолда тайғанап құладым. Аяғым мен қабырғамды ауыртып алдым. Қабырғам аса ауырмайды, ал аяғымды баса алмаймын.  

Жыл басынан 3-аурухананың жарақат бөліміне 827 азамат келіпті. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда,    ақпанның 9-ы  жиырма алты адам медициналық көмек сұрап келген.  

 Валерий Грибашов,  3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі:
-Әсіресе көктайғақ кездері науқастар көптеп келеді. Біздің көмекке жүгінген 29 адам жол апатына ұшыраса, 105 азаматтың аяғы жараланған. Олардың үшеуіне ұзақ мерзімді ем керек.

Бүгінде 70 орынға шақталған бөлімшеде 100-ден артық науқас жатыр.

Жеңіс Ермұқанов