Энергетика

Жаңа қазандық іске қосылды



 

Алтыншы қазандық пен оның қосымша қондырғыларын қалпына келтіру өткен жылы басталған. Мамандар бұл жұмысты қысқа уақытта бір жылға жеткізбей аяқтаған. Қазандық компанияның ұзақмерзімдік инвестициялық бағдарламасы шеңберінде қалпына келтіріліпті. Жоба құны 3 млрд. теңгені құраған.

  Виктор Бармин, №2 жылуэлектр орталығының директоры:
Қазандықты қалпына келтіру қондырғының сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде қазандықтың өнімділігі артты. Қуаттылық сағатына 12 МВт -қа артып, 60-қа жеткізілмек.  

Айту керек, жаңартылған қазандық жұмысты да біраз жеңілдетіп отыр. Ендігі уақытта қондырғы басқару қалқаны арқылы емес, автоматтандырылған жүйе көмегімен қадағаланады. Бұл артықшылықты Владислав Темников байқап үлгеріпті.

  Владислав Темников, машинист:
Мен бар жұмысты орнымда отырып қадағалаймын. Қазандықтың жұмысы мониторларда көрініп тұр. Кез келген уақытта қажет бетті ашып, қазандық қалай жұмыс істеп, онда не болғанын көре аламын. Біз үшін өте ыңғайлы.  

Сонымен қатар қазіргі күні орталықта сегізінші қазандық пен төртінші турбинаны қалпына келтіру жұмыстары басталып кетіпті. 2015 жылға дейінгі инвестициялық бағдарлама шеңберінде тағы 4 қазандық пен 2 турбинаны ауыстыру жоспарланған. Қондырғыларды жаңғырту бағдарламасын толық жүзеге асырғаннан кейін облыс халқын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын қуаттылығы артып, 435-МВт-қа жетпек.
Бұл мақсатқа 2015 жылға дейін 19 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланған. Тек үстіміздегі жылы ғана 7 млрд. теңге шамасында қаражат игерілмек. Осылайша модернизациялау нәтижесінде орталықтағы тозығы жеткен қондырғылардың үлесін 70 пайыздан 50 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.  

 Айымгүл Әбілева