Құқық қорғау органдары

Үй тонаушылар ұсталды

Тоқсан би көшесінде орналасқан үйдегі пәтердің иелері жұмыстан оралғанда  есіктерінің ашық тұрғанын көрген. Олардың айтуларынша,  екі қаракүзен ішік пен гауһар таспен көмкерілген зергерлік бұйымдардың қолды болған. Оқиға орнына жеткен полицейлер есіктің кілт таңдау жолымен ашылғанын анықтады. Оқиғаның куәгерлері де табылды. Көрші әйел подъезде екі бейтаныс адамды көрген және олардың жүздерін де есте сақтап қалған екен. Ал көрші үйде орнатылған бейнекамера қолдарында сөмкелері бар екі жігіт отырған автокөліктің маркасын түсіріп алыпты. Криминалдық мәліметтер базасында куәгер күдіктілердің бірін таныды. Ол пәтер ұрлығы үшін бұған дейін бірнеше рет сотталған кәнігі ұры боп шықты. Келесі күні 2-ші бөлім полицейлері оны серіктестерімен бірге жалға алып тұрып жатқан пәтерінде қолға түсірді.

Алтынай Шаимова, 2-ші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

 

-Ұрлық жасады деген күдікпен Петропавл қаласының үш тұрғыны ұсталды. Олардың біреуі бұрын бірнеше рет сотталып, үстіміздегі жылдың қаңтар айында ғана жазасын өтеп шыққан.

Бұл қылмыс тобының мүшелері темір тордың ар жағында танысқан. Олардың бірінің бостандыққа шыққанына бір ай да болмаған. Ұрланған мүлік тәркіленді. Алтынның бір бөлігін күдіктілер ломбардқа өткізіп үлгеріпті. Сонымен қатар пәтерде қылмыс қаруы – құлыптарды ашуға арналған арнайы құралдар да табылды. Тергеу барысында анықталғандай, ұрлықты екі қылмыскер жасаған, кейін ұрланған заттарды әкету үшін телефон арқылы көлігі бар таныстарын шақырған.

  Алтынай Шаимова, 2-ші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

-Сезіктілердің екеуі қамауға алынды, біреуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді, олардың үстінен ҚР ҚК 175- бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.   

Қазіргі уақытта полицейлер ұрылардың Петропавлда жасалған өзге қылмыстарға қатысы юар-жоғын  анықтап жатыр.

Айымгүл Әбілева