Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әкімдердің есеп беру науқаны басталды

 

 

 

Ақпанның 8-нен елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру науқаны басталды. Алғашқылардың бірі болып Қызылжар ауданының Вагулино ауылдық округының әкімі Людмила Терехова тұрғындарға өткен жылы атқарылған істерді баяндап берді. Округке қарасты 4 ауылда 1 840 адам 609 үйдің түтінін түтетіп жатыр. Оның 264-і құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлер. 4 серіктестік пен 12 шаруа қожалығы 37 250 гектар жерге егін егеді. Былтыр бітік шыққан астық гектарынан орта есеппен 38 центнерден айналыпты. Кәсібі бардың нәсібі бар. Еңбекке жарамды ауылдықтардың тек 14-і ғана жұмыссыз отыр. Ауылдықтардың негізгі бөлігі төрт түлікті бағып-күтіп , үй шаруашылығын жақсы жолға қойып алыпты.

 Людмила Терехова, Қызылжар ауданының Вагулино ауылдық округының әкімі:
– Үй шаруашылығында вагулиндіктер 1800 ірі қара, 2 мыңнан астам қой-ешкі, 464 жылқы, 790 шошқа, 6 мың құс ұстайды. Бұл өте тиімді. Мал өнімі қашанда сұранысқа ие. 2011 жылы қол қусырып отырған 88 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Биыл республикалық қазынадан үш баспана көтеріліп, мәдениет үй күрделі жөндеуден өтеді. Жұмыссыздық мәселесін толықтай шешу көзделген.  

Былтырғы есептік кездесуде көтерілген көшелерді жарықтандыру, телефон байланысының, ғаламтордың сапасыздығы сынды әлеуметтік мәселелер тағы сөз болды. Бұл олқылықтар көп ұзамай жойылмақ. Есепті тыңдап болған соң тұрғындар қордаланып қалған сауалдарын қойды. Айта-айта жауыр болған таза ауыз су мәселесі әлі өзекті болып тұр. Округ жетекшісі биыл вагулиндықтардың әр орамына тіршілік көзі жетеді деп сендірді.

 Әмина Қожағұлова, зейнеткер:
– Бізге таза су керек. Ол біздің денсаулық қой. Әйтпесе құдықтан алып жүрміз. Биыл таза су келеді дейді өте қуаныштымыз.

Ауылдықтарды қаңғып жүрген иттердің қаптап кеткені де алаңдатады.

 Людмила Терехова, ТИТР: Қызылжар ауданының Вагулино ауылдық округының әкімі:
– Өткен жылдың сәуір айында бос жүрген 24 ит атылды. Тұрғындар өзгенің қауіпсіздігін елемей өздері қоя береді. Абырой болғанда төбеттердің адамға шабуы тіркелмеді.
 

Тұрғындардың бір де бір сауалы жауапсыз қалмады. Жергілікті басшы ауылдықтарды мазалаған  әр мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Жалпы тұрғындар бүгінгі өмірлеріне шүкіршілік етеді. 60-ты алқымдаған Дүкенбай Өсіп Вагулин ауылында 1988 жылдан тұрмыс құрып келеді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып 4 немере сүйіп отыр. Еңбек өтілінің 27 жылын мұндағы қоғамдық тәртіпті күзетуге арнаған аға буын өкілі бірлігі жарасқан халқы бар егеменді елдің дамуымен елді мекеннің де жыл санап гүлденіп келетініне куә.

 Дүкенбай Өсіп, зейнеткер:
– Мал ұстаймыз, жем-шөп, отынымыз жеткілікті. Пенсия аламыз. Ауылда бар жағдайлар қарастырылған. Өмірге керектің бәрі бар.

Әсіресе мұнда білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлкен мән беріледі. Округке қарасты 4 ауылдағы оқу ордалары заманауи білім алу үшін барлық қажеттімен жарықтандырылған. Бұған оқушылардың облыстық білім додаларында топ жарып жүргендігі дәлел. Түлектер былтырғы ҰБТ-де орташа 90 ұпай жинапты.

 – Мен биылғы жылдың түлегімін. Мектепте сапалы білім алуым үшін техникалық және оқу құралдары жеткілікті. Биыл үшінші мультимедиялық кабинет ашылады. Осының бәрі алдағы мемлекеттік сынақта жақсы нәтиже көрсетіп, білімімді тереңдетіп, қалаған мамандығымды игеруге септесетініне сенімдімін.  

Окрукте мектепке дейінгі тәрбие беру жағы да жақсы жолға қойылған. Былтыр осындағы мектептер жанынан 60 орынға шақталған 4 шағын орталық ашылыпты.

 Жеңіс Ермұқанов