Билік

Үкіметте жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру жайы талқыланды

 

Өткен жылы 84 мыңнан астам қазақстандық пилоттық жобаға қатысуға ниет білдіріпті. Оның 37 мыңнан астамы жұмысқа орналасып, 58 мыңға жуығы әлеуметтік келісімшарттарға қол қойған. Ал оқытудан өткенімен әлі де жұмысқа орналаса алмаған тұрғындар көрсеткіші бойынша Атырау облысы бірінші орында. Өңірімізде 986 тұрғын кәсіби білім алып, 656 азамат жұмыспен қамтылған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – «Халықты жұмыспен қамту -2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл өңірімізге 3 млрд теңге қаражат бөлінді. Пилоттық жоба өткен жылы кең қарқынмен орындалып, қаражат толықтай игерілді. Барлық 3 бағыты бойынша бірқатар жұмыс атқарылып, тұрғындардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне ерекше мән берілді.  

Осы бағдарламаның арқасында еліміздің 1 435 кәсіпкері шағын несие алыпты. Облысымызда 104 жобаға 200 млн теңгедей несие берілген. Қаражат негізінен мал шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларына бағытталып отыр. Биыл бұл көрсеткіш 3 есе артық болады деп жоспарлануда. Селекторлық кеңестен соң облыс әкімі тиімді бағдарламаға барынша көңіл бөлуді тапсырды.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Сондай-ақ биыл «Халықты жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының 4-ші бағыты қолға алынбақ. Ол елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Сондықтан бағдарлама бойынша қолдау көрсетілетін ауылдардың тізімін жасау керек. Сұранысқа ие мамандықтарды қайта қарап, шағын несие беру бойынша тұрғындармен қосымша жұмыс жүргізілуі тиіс.

Жалпы биыл республика бойынша аталмыш жобаға 50,6 млрд теңге бағыттап, 200 мыңнан астам тұрғынды қамту жоспарлануда. Дегенмен бағдарламаға қатысты толықтырулар мен ұсыныстар әлі де қарастырылмақ.

 Инеш Шоқақова