Ауыл шаруашылығы

Экологтар жылды қорытындылады



 

Қазіргі таңда облысымызда 12 мемлекеттік орман мекемесі мен 39 орман шаруашылығы жұмыс істеуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша табиғат сақшылары тындырған жұмыстың арқасында облыс бюджетіне 178 млн теңге қаражат түскен.

Қабиден Сәдуақасов, Солтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
– Өткен жылы мемлекеттік орман мекемелерінде 657 га аумақта жасыл желек отырғызылды. Шаруашылықтарда жұмыстардың қажет деңгейде орындалуын қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат бөлінді.
Соның арқасында орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да біршама нығайды.  

Алайда әлі де пысықтауды қажет ететін мәселелер баршылық. Кейбір аудандарда өртке қарсы қызмет, орман шаруашылығы саласындағы олқылықтарды дер кезінде анықтау және техникалық құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыстар қажет деңгейде жүргізілмейтін көрінеді. Тағы бір мәселе – мұндай заңбұзушылықтарды анықтауға тиісті мекеме қызметкерлерінің уақытында қажетті шаралар қолданбауы.

Жүсіп Бәшіров, Солтүстік Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы:
Былтыр облыс бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамаудың 87 фактісі тіркелді. Нәтижесінде 903 мың теңгенің айыппұлы салынды. Қазіргі таңда оның 812,4 мыңы өтелді. Бұл бірқатар мекемелерде тиісті жұмыстардың дер кезінде жүргізілмеуіне байланысты.

Жиында балық шаруашылығы саласындағы мәселелер де талқыланды. Бұл саланың мамандары өңірде бағалы балық тұқымдарын өсіру бағытындағы жұмыстың ақсап тұрғанын айтты.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Орман алқаптарындағы қоқыс алаңдарын жою бойынша жұмысты да қолға алу қажет.
Сондай-ақ жол бойындағы орман алаптарын иесіз қалдырмау керек. Және ең бастысы өрт қауіпсіздігінің сақталуын назардан тыс қалдырмаған жөн.

Бұл жұмыстарды Айдарбек Сапаров аудан әкімдерінің орынбасарлары мен тиісті мекемелердің басшыларына тапсырды.

Инеш Шоқақова