Ауыл шаруашылығы

Асыл тұқымды мал басы көбеюде

 

 

Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде «Петерфельд-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2011жылдың тамызында Германиядан 400 бас асыл тұқымды мал жеткізілді. Бүгінде симментал тұқымды ірі қара жергілікті климатқа біртіндеп бейімделіп жатыр. Сүтті бағыттағы малдың өнімі жоғары болуы үшін арнайы жем-шөп базасы мен ерекше күтім қажет дейді мамандар.

Александр Лысенко, «Петерфельд-Агро» ЖШС мал дәрігері:
– Витаминдер, минералды қоспалар, шөп, пішеннің барлығын үгітіп береміз. Өз елдерінде қалай бордақыланса, бізде де солай жемдеп жатырмыз.

Қазіргі таңда өндіріс орнында 45 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталған. Тәулігіне 3000 литр сүт өндірілетін серіктестікте 6 механикалық сауу аппараты орнатылыпты. Бұл сауыншылардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп отыр. Марина Срыбная қараша айынан машинамен  сауу операторы қызметін атқаруда. Дегенмен аз уақыт ішінде өз міндетінің қыр-сырын жетік меңгеріп үлгерген.

Марина Срыбная, «Петерфельд-Агро» ЖШС сауу операторы:
-Таңертеңгілікте 1900 литр, кешке таман 1400 литр сауылады. База жылы, тұрмыстық жағдай жасалған. Жалақы да жақсы.

Асыл тұқымды ірі қара алғашқы төлдерін бере бастады. Бүгінде сиырлардың 96 пайызы бұзаулаған.

Петр Порубенский,  «Петерфельд-Агро» ЖШС директорының міндетін атқарушы:
– Басты міндетіміз – бізге әкелінген мал басын сақтау. Бұзаулардың ортаға бейімделіп, өсуіне көмектесіп, бақылауда ұстаудамыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта 500 бас ірі қараға арналған сауу орнын ашпақ ойдамыз.

Алдағы уақытта «Петерфельд-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақтың ақ бас сиырының санын көбейтуді көздеп отыр.