Қоғам

Қызылжарлықтар Жолдау жүктеген міндеттерді талқылады

 

 

 

 

Бескөл ауылының мәдениет үйінің кең залы жергілікті атқарушы биліктегілер, мұғалім, дәрігер, құрылысшы мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін жиды. Қызылжар ауданының белсенді тұрғындарының бас қосуы қазақ елінің болашағының өркендеуіне бағдар беріп жол салатын биылғы Президент жолдауын талқылауға арналған. Өйткені әдеттегідей жылдың бас құжаты әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей қатысты. Кәсібі бардың нәсібі бар. Ол үшін көреген ұлт көшбасшысы ең алдымен екі қолға бір күрек таппай қол қусырып отырған отандастарымызды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне басымдық берді. Ауылдықтарды қол жетімді баспанамен қамту мәселесін шешу де алдыңғы қатарда. Былтыр Қызылжар ауданында салынған жалпы аумағы 12 мың шаршы метр тұрғын үйде қоныс тойы өтіпті. 2012 жылдың соңына дейін тағы 21 үйдің кілті тапсырылмақ. Мұнда жыл сайынғы жолдау жүктейтін  тағы бір міндет –  тәрбиелі, білімді ұрпақ өсіруге де үлкен ден қойылады. Әсіресе білім саласын жаңғыртуда  білікті ұстаздардың деңгейін асыру басты назарда. Өткен қоян жылында аудан шаруашылықтары асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында жұмыс жасады. Осылайша қожалықттар жоғары өнімді 1600 бас ірі қарамен толыққан. Жергілікті зеңгі баба төлдерін асылдандыру мақсатында 2 репродукторлық кешен салыныпты. Биыл тағы біреуі іске қосылмақ.

Виктор Редин, Қызылжар ауданының әкімі:
-Ауыл шаруашылығының өсу қарқыны тұрақты. Биыл облысымызда 46 млн теңгенің үш жобасын ендіру жоспарланған. Оның 5 млн 855 мың теңгесі Қызылжар ауданына бағытталады. Бәйтерек ауылында 140 адам жұмыспен қамтылатын ағаш өңдеу кәсіпорыны іске қосылады.  
Елбасы биылғы маңызды құжатты жариялағанда халықты бұқаралық спортқа тартудың маңыздылығын да ерекше атап өтті. Бүгінде қызылжарлықтардың 22 пайызы салауатты өмір салтын ұстанады екен. Аудандағы халық игілігіндегі 166 спорт нысанына осы жылы тағы 5 стадионды қосу жоспарланған.

Жеңіс Ермұқанов