Білім

Облыс педагогтарының кеңесі

 

 

 

 

Жиында алдымен жергілікті білім саласының қызметкерлері өткен жылды қорытындылады. Былтыр білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған болатын. Соның негізінде өңіріміздегі білім беру жүйесінің сапасы бағаланды.

 Орал Қаппасов, СҚО білім басқармасының бастығы:
– Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірінші жылы өтті. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер де анықталды. Сондықтан білім беру саласын жетілдіруді жалғастыруымыз керек.

Білім беру жүйесіне заманауи әдістерді енгізіп, педагогтар құрамының біліктілігін арттыру – Елбасының биылғы жолдауында айқындаған бағыттарының бірі. Қазіргі таңда жергілікті ұстаздардың 15 пайызы ғана жоғары білікті. Сондықтан бұл мәселе де кеңес барысында кеңінен талқыланды.

Жеңіс Бабжанов, № 5 кәсіптік лицей директоры:
– Елбасы өзінің жолдауында ұстаздардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Бұл өте маңызды. Өйткені өскелең ұрпаққа сапалы білім беру – педагогтардың міндеті.

Балалар мен жасөсіпірімдердің мектептен тыс уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасап, қазақ тілінде білім беретін білім ошақтарының санын арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев өз жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөледі. Жыл сайын бұл салаға бағытталатын қаражат та артып отыр. Сондықтан оқушылардың білім деңгейі де жоғары деңгейде болуы тиіс.

Биыл 2011 жылмен салыстырғанда білім саласына бағытталған қаражат 1,3 есе артқан. Сондықтан атқарылатын жұмыстар да ауқымды болары сөзсіз.

Инеш Шоқақова