Қоғам

Халыққа қызмет көрсету сапасы артады

 

 

 

Халыққа қызмет көрсету орталығынан құжат алу жеңілдеді. Енді азаматтарға ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Керекті анықтаманы үйде отырып-ақ электрондық портал арқылы онлайн режимінде алуға болады. Бүгінде порталда 119 қызмет түрі көрсетіледі.

Дана Сыздықова, халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:
Мұнда мекен-жай, жылжымайтын мүлік жайлы анықтама, зейнетақы аударымдары, салықтарды осында төлеп, қажетті ақпаратты алуға болады. Ал оған қалай тіркелу қажеттігін білмеген адамдарға біз әрқашан көмек көрсетуге дайынбыз.  

Кенжегүл Мұсылманбекова осы мүмкіндікті естіп, тіркеуге отыруды жөн көрген. Бұдан былай маңызды құжаттарды алу үшін көп уақыт шығындамаймын дейді ол.

Кенжегүл Мұсылманбекова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы:
Болашақта бұл электронды порталды барлық адамдар, яғни іскер адамдар қолданады деп ойлаймын. Өйткені бұл өте тиімді. Қазіргі кезде интернет дамып жатыр. Меніңше, барлығына бұл тиімді.

2011 жылы мұндай қызметке 9 346 солтүстікқазақстандық жүгінген. Күніне шамамен 30 адамға осында тіркелу үшін жеке код табысталады. Бүгінде порталды пайдаланушылар қатары да, онда көрсетілетін қызмет түрлері де ұлғайып отыр.

 Дана Қайшебекова, халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:
– Әлеуметтік-экономикалық модернизация – Қазақстан дамуының басты бағыттарының бірі. Электрондық порталдың көмегімен үй жағдайында да қызметке жүгіне аламыз. Бүгінде осы қызметке жүгінушілер саны көп, өйткені бұл өте тиімді.

Елбасының биылғы жолдауында  әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтердің  60 пайызы 2012 жылдың аяғына дейін электронды түрде лицензиялануы тиіс деген талап қойды. Бүгінде сайтта 100-ге жуық лицензия автоматтандырылған.

Әспет Әбдірешова