Құқық қорғау органдары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіле бермек

 

 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қызмет бабын асыра пайдаланып, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденушілер 19%, пара беріп оны қалтаға басатындар 14% пайызға артқан. Ал араларында делдал болушылар тіптен екі есеге өсіпті. Прокурорлардың әлеуметтік дертті анықтауға бағытталған 245 тексерісінің нәтижесінде жемқорлық заңнамасын бұзудың 3 мыңнан артық фактісі тіркелді. Биыл мұндай келеңсіздіктердің  алдын алу шараларын кешенді түрде күшейту жоспарланған.

Жанар Ақмағамбетова, СҚО прокуратурасының баспасөз хатшысы:
-ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің биылғы халыққа жолдауында 10 бағыт бойынша кешенді міндеттер анықтаған. Маңызды міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау мәселелері барлық прокурорлық тексерістерде қамтамасыз етіледі.  

Мемлекеттің экономикасына елеулі нұқсан келтіретін әлеуметтік дерттің тамырына балта шабу үшін Елбасы  үш айдың ішінде кешенді бағдарлама құруды жүктеді. Ең алдымен бұл қоғамдық дертті ауыздықтауда жемқорлықпен күресте тәжірибесі мол елдердің үздік құқықтық механизмдері, ақпараттық мүмкіндіктерін ендіру көзделген.

Жанар Ақмағамбетова, СҚО прокуратурасының баспасөз хатшысы:
– Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатында тек кірісті ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің жұмсайтын шығынын да декларациялауға көшу туралы ерекше атап өтілді. Осы мәселе бойынша заң актісі қолданылады.  

Елбасы жолдауында жемқорлықпен күресті тиімді жүргізу керектігін баса айтты. Өңір прокурорлары бұл бағыттағы жоспарымыз ауқымды деп отыр.

 

Жеңіс Ермұқанов