Құқық қорғау органдары

Судьялар 2011 жылды қорытындылады

 

 

Өткен жылдың соңында мемлекет басшысы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай рақымшылық жасау туралы заңға қол қойғаны белгілі. Оған сәйкес, облыс соттарының қарауына 476 адамға қатысты материал түскен. Осы уақытта 71-інің ісі қаралып, барлығы қанағаттандырылды. Алайда, соттың басты міндеті – әділ үкім шығару.   2011 жылы облыс соттарында 2986 қылмыстық іс қаралып,  1395 азамат сотталды. Ал 1939 тұлғаға қатысты қылмыстық істер қысқартылыпты.  

Нұрғазы Әбдіқанов, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы:
– Барлық сотталғандардың ішінде 577 адамға нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылды. 268 азамат шартты түрде сотталған. 3 қылмыскерге қатысты жазасын кейін орындау белгіленді. 490 сотталғанға қатысты бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалаудың балама түрлері тағайындалды.
 
Сондай-ақ, 2011 жылдың 12 айында облыс соттарына 386 азаматтық іс және 21 273 өтініш түскен. Олардың 10 912-і бойынша шешім шығарылды. 1731-інде іс жүргізу қысқартылған. Тағы 347 азаматтық іс бойынша бітімгершілік келісім жасалыпты. Ал 12 974 адам әкімшілік жауапкершікке тартылды. Елбасы кезекті жолдауында жүктелген міндеттер бойынша  сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту керек. Жергілікті судьялар, мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындауға бар күш-жігерлерін салатындарын жеткізіп отыр. Баспасөз мәслихатында сондай-ақ, өткен жылы қоғамның назарында болған істер де айтылды. Олардың бірі – тариф мәселесіне қатысты болса, екіншісі – Асанов орта мектебі директорының үстінен қозғалған қылмыстық іс. Соңғы іс бойынша айыпталған азаматша 1 жылға шартты түрде сотталған. Алайда, педагог рақымшылық жасау туралы заңға ілігіп, бостандық алды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева