Мәдениет

Мәдениет саласының даму қорытындылары

 

 

Өткен жылы мәдениет саласын дамытуға 1 млрд 810 миллион теңге бөлінген. Соның арқасында кітапханалар мен өзге де мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасы жақсарып, жаңара түсті. Еліміздегі барлық салалар сияқты мәдениет басқармасында да өзгерістер бар. Бұл салада әкімшілік құрамның 80 пайызы жаңарған. Жалпы 2011 жылы бірқатар мәдени нысандар бой көтерді.

Талғат Ақылбеков, СҚО мәдениет басқармасының бастығы:
– Бүгінде мәдени нысандар жүйесіне 566 мекеме еніп отыр. Өткен жылы 7 мәдени нысан ашылды. Оның ішінде 4 кітапхана, 2 клуб және 1 музей бар.

Бүгінде облыстық кітапхананың қоры құнды материалдарға бай. Талай онжылдықтар бойы жасақталған көне қорды сақтап, кітапхананы заманға сай жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек.

Бейбітгүл Әбілмәжінова, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың директоры:
-Облыс аумағында 842 кітапхана бар. Соның ішінде 312-сі мемлекеттік жүйеде. Жоғарыда айтылғандай жаңа төрт кітапхананың екеуі Тайынша ауданында, біреуі Ғ.Мүсірепов, ал енді бірі Есіл ауданында ашылды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін облыста 101 жылжымалы пункт жұмыс істейді. Тағы бір жаңашылдық, кітапханада электронды үкімет бағдарламасы тиімді жүзеге асырылуда. Енді мұнда компьютерлік сауаттылыққа үйрету және ғаламторды тегін қолдану мәселесі қолға алынбақ. Аудандық кітапханалар қорын жыл сайын жаңарту мүмкін емес. Дегенмен былтырғы жылы Жамбыл және Тайынша аудандарының бірқатар жекелеген ауыл кітапханаларының қоры жаңа әдебиеттермен толығыпты.  Сондай-ақ, жиында ауыл клубтарының жағдайы да талданды. 2011 жылы Уәлиханов ауданында 3 клуб жөндеуден өтіпті.

Гүлмира Қойбағарова, Уәлиханов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы:
– Жалпы жыл бойына екі жарым мыңнан астам іс-шара өткізілді. Оған 8 600 халық қатысты. Аудандық бюджеттен 6 млн-нан астам сомада ақша аудандық мекемелердің материалдық -техникалық базасын дамытуға жұмсалынды. 2012 жылы осы жұмыстар жалғасады деп ойлаймын.

Өңірдегі мұражайлардың материалдық жағдайы мен қолда бар қорды жүйелеу де алқа отырысында назардан тыс қалған жоқ.

Әспет Әбдірешова