Кеден

Кеден одағы елдерінің азаматтары үшін көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізілді

 

 

 

 Орта Азия елдерінің тұрғындары күнкөрістің қамымен облысымыз арқылы Ресейге ағылады. Көбінің шекара асулары заңсыз. Сондықтан көші-қон полициясы облысымызға аяқ басқан әрбір шетелдікті екі мәрте тексерістен өткізеді. Өңір аумағына енер тұста және туған жерлеріне қайтар жолда. Біразы өздеріне қолайлы табысты еңбек орнын өңірімізден тауып жатады.

Есенгелді Құлмағамбетов,  СҚО ІІД көші-қон басқармасының бастығы:
– 2011 жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7 627 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттардың үкімдері бойынша ҚР аумағынан 299-ы шығарылды. Шетелдіктердің елімізде болу тәртібін бұзған  ҚР 1387 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз жұмыс күшін пайдаланған 73 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Гастарбайтерлердің біршамасы маусымдық жұмыстан соң Отанына оралуды ойламайды да. Қолында заң бойынша төлқұжатпен қатар тіркеу және еңбек етуге рұқсат берілген қағаздары жоқ бола тұра сот шешімін орындамағандарға қатысты 10 қылмыстық іс қозғалды. Ал  Кеден одағы елдерінен жұмыс іздеп келгендерге биылдан бастап бұрынғыдай 5 емес, 30 күннің ішінде тіркелу жеңілдігі жасалып отыр.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Егер мемлекеттік шекараны өткеннен кейін отыз күн ішінде жұмыс берушімен еңбек келісімшартын бекітетін болса, онда шарттың мерзімімен тіркеледі. Олардың жанұясы да осы мерзім аяқталғанға дейін тіркелуге құқылы.  

Еңбек орнын табуға берілген мерзім жеткіліксіз болса тіркеуді 90 күнге дейін созуға болады. Өзге мақсатты көздеп,  шекара асқандарға тәртіп бұрынғыша қалды. Жалпы былтыр өңірімізге тұрақты тұруға 720 шетелдік тіркелді. Оның негізгі бөлігі тарихи отанына оралған қандастар. Сондай-ақ көші-қон полицейлері алимент төлеуден жалтарып жүрген 100 адамды анықтапты.

 

Жеңіс Ермұқанов