Денсаулық сақтау

Үсік шалғандар көбейді

 

 

 

Жылу құбырларын, үйлердің жертөлелерін жағалаған тұрақты мекен-жайы жоқ тұрғындар үшін аязды күндер аса қиын тиді. Азамат Балтабаев 31 қаңтарда ауруханаға түскен. Сол аяғының саусақтары үсіп кеткен. Қазіргі таңда ем қабылдап жатыр.

Азамат Балтабаев:
-Бастапқыда аяғымның сіңірі тарта бастады, одан кейін ақсаңдадым. Аяқ киімімді шешіп қарағанда саусақтарымның қарайғанын байқадым.

Саршұнақ аяздың салдарынан Петропавлда 3 күннің ішінде  12 адам ауруханаға  келіп, алтауы стационарға  түсті. Жарақат бөлімінде үсік шалғандардың 90 пайызы тұрақты мекені жоқ азаматтар. Ащы судың кесірінен аяқ-қолын үсітіп, төсекке таңылғандар да кездеседі.

Мейрам Оспанов, 3 қалалық аурухана, жарақат бөлімінің бас ординаторы:
-Бізге түскендердің барлығына жедел жәрдем көрсетеміз. Себебі үсік шалу дене мүшелеріне үлкен зақым келтіреді. Көбінесе қолжәне аяқ саусақтарын кесіп тастаймыз. Бұл оталардың барлығы бізге де, науқастарға да психологиялық жағынан өте ауыр.

Бұндай ота ауруханаға түскендердың  басым бөлігіне жасалады. Суық түскен қараша айынан бері 32 науқасқа ампутация жасалып, 22-і ем-дом алуда. Артур Риттер- жүргізуші. 3 сағат шамасында жолда қалған. Бөлімге түскен кезде екі қолы мен екі аяғын бірдей үсік шалыпты. Дәрігерлер уақытында араша түсіп, қол-аяғын сақтап қалды. Өкініштісі, оң қолының 2 саусағынан айырылды.

 Артур Риттер,  жүргізуші:
– Жұмыстан үйге бара жатқанмын. Жолда көлігім сынып қалды. Соны жөндеймін деп 3 сағаттай жүріп қалдым. Үсік шалғанын көрген кезде, ауруханаға келдім.

Сырқаттар мұнда бір ай шамасында ем-дом қабылдайды. Кейін уақытша бейімделу орталығына орналастырылады. Онда тек төлқұжаттары бар адамдар қабылданады дейді Мейрам Оспанов. Күн сайын №3 қалалық аурухананың жарақат бөліміне әртүрлі дәрежедегі үсікпен 5-7 сырқат көмек сұрап келеді. Олардың көбі ересек адамдар.