Қылмыс

Петропавлда жол-көлік оқиғасында жаяу жүргінші зардап шекті

 

 

 

Өткен сәрсенбі күні Әуезов және Чайковский көшелерінің қиылысында автокөлік жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Бастапқыда жапа шегуші дене қызуымен орнынан тұрып, жолдың шетіне өз күшімен шыққан. Ал жүргізуші жол-көлік оқиғасының орын алғанын полицияға хабарламаған. Ол жапа шегушіні машинаға отырғызып, үйіне апарып тастайды. Біраз уақыт өткесін  аяғы сырқырап ауырған қала тұрғыны дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.   Енді оның  аяғының сынған жері дұрыс бітпесе, ота жасалатын болады.  Жапа шегуші ауруханаға түскеннен кейін жол полициясының жедел іздестіру тобы оқиғаға қатысы бар көлік жүргізушісін іздей бастайды. Куәгерлер мен науқастың айтуы бойынша инспекторлар шетелдік көліктің маркасы мен түсін және номерін айқындады. Сол күні 21 жасар БМВ көлігінің иесі, Қызылжар ауданына қарасты Асаново селосының тұрғыны табылды. Жас жігіт,  өзі соғып кеткен жаяу жүргіншінің айтқанындай, бағдаршамның жасыл көзі жанғанда жүргенін айтады. Бірақ заңға сәйкес, жүргізуші жол- көлік оқиғасының орын алғаны туралы полицияға хабар беруге міндетті.

 Константин Пахота, СҚО ЖПБ ҚБ іздестіру инспекторы:
-Ол жол-көлік оқиғасының болғаны жайлы айтпай, ҚР әкімшілік кодексінің 409 бабын бұзды. Ол үшін 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.  

Қазір бұл оқиғаға қатысты барлық материалдар сотқа жөнелтілді. Облыс аумағында тіркелген 20 көлік оқиғасының 13-і жаяу жүргіншілердің кесірінен болған дейді полицейлер. Оның салдарынан 1 адам мерт болып, 12-сі жарақат алған.

Жеңіс Ермұқанов