Билік

Депутаттар белсенді жұмыс істеуге дайын

 

 

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – депутаттық фракцияның жаңа жетекшісін тағайындау. “Нұр Отан” партиясының қалалық филиалы төрағасының бірініші орынбасары Николай Черновол  бұл қызметке  Жасұлан Ахметовты  ұсынды. Қарсылық білдіргендер болмады. Сондай-ақ, оның орынбасары Галина Семенованың кандидатурасы да бірауыздан қолдау тапты. Бұдан соң халық қалаулылары Республика Президентінің Қазақстан халқына арналған жолдауын талқылады. Стратегиялық құжаттағы басымдықтың бірі – жалға берілетін тұрғын үйлер  құрылысы.

 Жасұлан Ахметов, қалалық мәслихаттағы “Нұр Отан”ХДП депутаттық фракциясының жетекшісі:
-Жалға берілетін баспананың аумағын 1 млн шаршы метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда қаламызда жыл сайын 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Үстіміздегі жылы тағы 60 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын
бастау жоспарланған.

Елбасы қойған міндеттердің бірі – білікті мамандарды дайындау. Білім беру саласына басымдық берілді. Депутаттар “Болашақ” бағдарламасын талқыға салды. Жыл сайын шетелдерге 3 мыңға тарта студент аттанады. Мысал үшін, Ресейдің өзінде, тұрғылықты халқы көп бола тұра, шалғайда білім алатындардың саны не бары 1 мыңды құрайды. Адами капиталды арттыру үшін әрдайым жаңа технологияларды енгізу қажет. Халық қалаулылары ауылдағы дарынды жастарға білім берудің маңыздылығын да атап өтті.

 Сабыр Ибраев,  қалалық мәслихат депутаты:
-Егер де олар ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпесе, ақылы түрде оқуларына тура келеді. Ал ата-ананың қалтасы ондай салмақты көтере алмайды. Сондықтан  қолдау көрсетуге арналған бағдарлама әзірленген. Тағы бір мәселе – жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған соң, мамандық бойынша еңбекке араласу.  

Халықты еңбекпен қамту жайы үстіміздегі жылы жолдаудағы басым бағыттарды бастады. Депутаттар Елбасы қойған міндеттерді жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кетпек.

Гүлмира Шоқтыбаева