Билік

Петропавл қаласының жаңа әкімі тағайындалды

 

 

 

Кездесуде өңір басшысы Серік Біләлов Петропавл қаласының бұрынғы әкімі Нұржан Әшімбетовтің Павлодар облысынан шақырту алғандығы жайлы мәлімдеді. Ақпанның бірінен ол ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметін атқармақ.
Петропавл қаласының әкімі қызметіне Болат Жұмабеков ұсынылды. Болат Серікұлы еңбек жолын шаруа қожалығының агрономы болудан бастапты. Өткен жылдың қыркүйек айынан облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Қажетті кәсіби білімімен қатар мемлекеттік басқару жағынан да үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан да қалалық мәслихаттың депутатарының бұл ұсынысымды қолдауын сұраймын.

Депутаттар бірауыздан Болат Жұмабековтың кандидатурасын қолдады.

Николай Черновол, қалалық мәслихаттың депутаты:
-Болат Серікұлын бірлескен жұмыс бойынша білемін.  Мемлекеттік басқару жағынан тәжірибесі мол, тұрғындармен жақсы жұмыс жасай алады.  

Сабыр Ыбыраев, қалалық мәслихаттың депутаты:
-Болат Жұмабеков белгілі басшы, мемлекеттік қызметкер. Біздің жерлес, келешегі зор жігіт. Біз депутаттар Болат Серікұлын қолдаймыз, бірге жұмыс жасаймыз, көмекші боламыз.
 
Болат Жұмабеков өзіне үлкен сенім артып, жауапты істі тапсырған өңір басшысы мен халық қалаулыларына алғысын білдіріп, жерлестеріміздің игілігі үшін аянбай еңбектенуге сөз берді.

 Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Құрметті Серік Сұлтанғазыұлы, құрметті активке қатысушылар, рақмет сенім білдіргеніңізге! Қойған тапсырмаларыңызды орындауға қалада бүкіл мүмкіншілік бар деп ойлаймын. Сондықтан барлығымыз бірігіп, мәслихат болсын, актив болсын, кәсіпкерлер болсын, қойған тапсырмаңызды орындауға мүмкіндік бар деп ойлаймын.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясынан кейін облыс әкімі Серік Біләлов Петропавл қаласы активінің отырысына қатысты. Аймақ басшысы Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға үлкен жауапкершілкпен кірісу қажеттігін ескертті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Барлық қазақстандықтар сияқты біздің облыс тұрғындары да Президенттің жолдауын қызу қолдап отыр. Сондықтан облыс, қала, аудан көлемінде еңбек етіп жатқан біздер бір кісідей жұмылып, әлеуметтік- экономикалық дамуымызға жақсы екпін беруіміз керек.

2011 жылы өндіріс көлемі 71 миллиард теңгені құрады. 15 465 тұрақты жұмыс орны ашылды. Барлық сала бойынша жергілікті бюджет 101,1 пайызға орындалды. Өткен жылы қазынаға 11,9 млрд теңге көлемінде қаржы түскен еді.
 Серік Біләлов қала активін Петропавлдың жаңа әкімімен таныстырып, Болат Жұмабековке бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қаланы абаттандыру жұмыстарын күшейту, қала балаларына мектепке дейінгі білім беру ісін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, “Еңбекпен қамту -2020” бағдарламаларын 100 пайыз іске асыруды қолға алуды, бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды қадағалау және халықты бұқаралық спортқа тартуға жағдай жасауды тапсырамын.  

Сонымен қатар Болат Жұмабеков шағын және орта бизнесті дамыту мен салық базасын ұлғайтуға өз үлесін қосуы тиіс.

Айдана Демесінова