Әр түрлі

Ақпандағы ауа райы

 

 

 

Ақпанда қыс пен көктем белдеседі дейді мамандар.   Гидрометеорологиялық орталықтың мәліметінше, ақпан айының алғашқы 4 күні сары аязымен есте қалмақ. Ауа температурасы түнде 35-40 градус, кей жерлерде сынап бағанасы -43 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз 25-30, кей жерлерде 33 градустық суық болады деп болжануда.

  Талғат Жұманов, СҚО гидрометеорология орталығының инженер-синоптигі:
– Екінші онкүндікте ауа температурасы құбылмалы болады. Түнде сынап бағанасы -9-14 кей жерлерде -20-25 градус шамасында. Күндіз ауа температурасы -2-7 градус аязды көрсетеді.

Ақпанның аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. Үшінші онкүндікте шуақты күндер қуантпақ. Ауа температурасы бірқалыпты болып, түнде -9-14 градустың шамасында тоқтайды. Кей жерлерде -19 градус суықты көрсетеді. Күндіз сынап бағанасы – 2-7 градус шамасында болады.

  Талғат Жұманов, СҚО гидрометеорология орталығының инженер-синоптигі:
– Жауын-шашын айлық мөлшерден жоғары. Бірінші және екінші онкүндіктің, үшінші онкүндіктің ортасында қар жаууы мүмкін. Кей жерлерде үшінші онкүндіктің екінші жартысында тұман түсуі ықтимал. Бірінші онкүндіктің соңы, екінші және үшінші онкүндіктің бірінші жартысында желдің екпіні артып, секундына 15-20 метрге жетеді.

Ақпанның 15 жұлдызы – қыс пен көктемнің алғаш ұшырасатын күні. Бұл күні ауа райы қандай болса, көктем райы сол тақылеттес болмақ. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы қыс әлдеқайда жылы дейді мамандар.  Солтүстікқазақстандықтардың қыс мезгіліне деген көзқарастары әртүрлі. Біреулері көктемді аңсаса, екіншілері қыспен қоштасқылары  келмейді.
  
-Суыққа қарамастан, қысты жақсы көремін.
-Аяздардан шаршап кеттім, тезірек көктем келсе екен, шуақты күндерін сағындым.

Тарих беттерін парақтасақ, 1962 жылдың 16 ақпаны жайма-шуақты болыпты. Онда сынап бағанасы 3,6 градусқа дейін көтерілген. Ал 1951 жылдың 18 ақпанында аяз – 42,7 градус нөлден төмен болған.