Ауыл шаруашылығы

Агроөнеркәсіп саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес

 

 
Өңірдегі  ауыл шаруашылығының даму көрсеткіштері жайында  облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндады. Өткен жылдың табыстары орасан. Былтыр ауыл шаруашылығы саласына құйылған инвестиция көлемі – 29,6 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі де салмақты – 357,9 млрд теңгеден асып жығылды. Осыған қарамастан, бұл салада бірқатар олқылықтар орын алған. Көктемгі егіс науқанының жақындап қалғанына қарамастан, Жамбыл, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов, Тайынша және Тимирязев аудандарында келер жылға дайындалған тұқым толықтай тексеріске жіберілмеген. Егістік жерлерге тыңайтқыш себу де тиісті деңгейде жүргізілмей келеді. Өткен жылы агроқұрылымдардан 26 мың тонна тыңайтқыш алуға өтініш түскенімен, сатылып алынғаны 15 мың тонна ғана.
   Мал шаруашылығы саласында да бірқатар кемшіліктер орын алды. Жыл қорытындысы бойынша өңірде 237 мың 602 бас ірі қара мал басы тіркелген. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштің 67 пайызы ғана. Өткен жылы өңірде 96 мың тонна ет өндірілген. Ол да өткен көрсеткіштен төмен. Аққайың ауданында ет өндіру бірден 19 пайызға төмендеген. Өткен жылы 555 мың тонна сүт сауылды. Бұл көрсеткіште де  Тайынша ауданынан өзгесінің барлығы өндіріс көлемін азайтып алған.
2011 жылы 32 мың 800 бас ірі қараны жасанды түрде ұрықтандыруға 43 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл шаралар өз нәтижесін берді. Бірақ, былтырға белгіленген асыл тұқымды мал басын сатып алу жоспары 31 пайызға ғана орындалған. Облысқа 30 мың шетелдік сиырдың 10 мыңы ғана жеткізілді. Көш соңында қалғандардың тізімін Шал ақын және Мамлют аудандары бастады.  Жиында шетелдік үздік селекциялы сиырлардан өзге, қазақтың ақ бас малдары мен әулиекөл тұқымын дамыту жайы сөз болды. Облысымыздың бірқатар аудандарында қой шаруашылығын дамыту міндеті тұр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша әр ауданда 500 басқа шақталған асыл тұқымдық репродукторлық шаруашылықтар құрылуы тиіс. Сонымен қатар, әр ауданда бордақылау кешендерін ашу ісін қолға алу керек. Онда бір уақытта 1500 бас ірі қара семіртіліп, ет комбинаттарына жіберілетін болады.  
 
Мал шаруашылығымен дендеп айналысу үшін  ветеринарлық қызметтің де талапқа сай болғаны керек.  Осыған орай, облыста ветеринарлық-санитарлық бақылау күшейтілмек. Облыс әкімі  сонымен қатар наурыздың 1-іне дейін әр ауданда ветеринарлық станциялар  құру жөнінде тапсырма  берді. Агроқұрылымдарға 33 ветеринар, 11 агроном, 10  механик жетіспейді. Бұл мәселені де уақтылы шешу қажет.
Жиынның екінші бөлігі – мал шаруашылығы мәселелерін шешуге арналды. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, мал басын арттыру жайы көтерілді. Бұл бағытта “Сыбаға”, ауыл шаруашылығын микронесиелендіру, өзге де несие түрлерін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры”, “Аграрлық несиелік корпорация”, “Казагрофинанс”, Солтүстік” әлеуметтік-кәсікерлік коропорациясы көмек қолын созуға даяр.

Зейнеп Рақымбекова, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ филиалының директоры:
Микронесиелендіру бағдарламасы бойынша 9,5 пайыз ставкамен 1 млн теңгеге дейінгі несиелер беріледі. Оны  3 жылда төлеп бітіру қажет. «Егін-жай» бағдарламасы көктемгі жұмыстарға қарастырылған. 12 пайыздық несиені орақ жұмыстары аяқталғанда өтеуге мүмкіндік бар. Және “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 6 пайыздық ставкамен 18 млн теңгеге дейін несиелендіру жүрігізіліп жатыр. Қаражат 7 жылға беріледі. Қазіргі уақытта  аудандардан ұсыныстар түсіп жатыр.

Серік Ахметбеков, “Аграрлық несиелік корпорация” АҚ СҚОФ директоры:
2012 жылы ауыл шаруашылығын несиелендіруге 1,5 млрд теңге жұмсауды көздеп отырмыз. Несие ставкасы 8-9 процент. Банк кепілдігі бойынша 5,1 млрд теңге несие қарастырылған. Қажет қаржы бар. Енді сіздердің ұсыныстарыңызды күтеміз.

Жиында «Сыбаға» бағдарламасына жүгініп, несие алған “Ибраев” шаруа қожалығының басшысы да сөз алды. Шаруашылық жетекшісі өз ісін 2002 жылдан дөңгелетіп келеді.

Қанат Ибраев, “Ибраев” ШҚ басшысы:
– «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7 жарым млн теңге несие алып, 50 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Осы уақытта сиырлардың саны 76-ға жетті. 1 бұқа сатып алдық. «Сыбаға»  бойынша тағы несие алып, 30 бас ірі қара алу жоспарымда бар. Бұл бағдарламаны пайдаланып қалуға кеңес беремін. Несиені 4 жылда-ақ жауып тастауды мақсат етіп отырмын.

Азамат Нұржауов, “Қазагрофинанс” АҚ СҚОФ директоры:
Сүт фермалары, құс фабрикалары, жылыжай, көкөніс сақтау қоймалары, тамшылатып суару технологиясы, бордақылау кешендері, ет өңдеу, мал азығын әзірлеу асыл тұқымды мал шаруашылығы салаларын қаржыландырамыз. Несие республикалық қаражат есебінен, немесе, «Қазагрофинанстың» өз қаражаты есебінен беріледі. Бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі мұндай отырыстарды әр ауданда ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы құрылымдарына жаңа бағдарламаларды таныстыруды тапсырды. Биыл әр ауданда “Сыбаға” бағдарламасы бойынша несие алып, мал шаруашылығымен айналысатын кемінде 10 қожалық болуы тиіс.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ауыл тұрғындарында бұл бағдарламалар туралы еш ақпарат жоқ. Тіпті, ауыл шаруашылығы бөлімі басшыларының өздері бұдан бейхабар.
Сондықтан бағдарламаларды кеңінен таныстыру керек. Мемлекет мал өсіремін дегендерге бар жағдайды жасап жатыр. Несиенің ставкасы төмен, кепілдік көлемі де аз. Өңір халқының 65-70 пайызы ауылдарда тұрып жатыр. Олар көктемнен күзге дейін астық жинаса, қыста қол қусырып үйлерінде отырады. Сондықтан, мал шаруашылығына ден қою керек.
 
Серік Біләлов мал азығын қамтамасыз ету мақсатында бұршақ, жүгері, арпа, сұлыға бөлінетін егістік алқабын кеңейтуді міндет етті. Сонымен қатар, элеваторларды модернизациялау және салу жұмыстарын жалғастырып, машина-трактор паркін жаңарту қажет.

Гүлмира Шоқтыбаева