Әр түрлі

Техникалық байқау жаңаша

Жаңа жылдан бастап автокөлік құралдарына техникалық байқау жүргізу жол полициясынан жекеменшік орталықтарға берілді. Бүгінде Петропавлда осындай екі мекеме жүргізушілерге ақылы қызмет көрсетеді. “Жүкенова” жеке кәсіпкерлігінің орталығы қаңтардың төртінен жұмыс істей бастаған. Мұнда барлығы бекітілген талаптарға жауап береді. Көлікті техникалық байқаудан өткізу үшін қажетті қондырғылар орнатылыпты. Күніне мұнда 30-40 көлік тексеріледі. Ал ақпанның бірінен аудандарға шығып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мобильдік желі ертең Тайынша ауданына жол тартпақ.

Дәуренбек Қасенов, техникалық байқау орталығының автомеханигі:
-Бес күн боламыз. Сосын басқа аудандарға барамыз. Күніне 20-30 көлік тексеруді жоспарлап отырмыз. Төрт адам жұмыс жасайды. 2 автомеханик, 1 компьютерде отырады, тағы бір адам құжаттарды толтырады.

Көлікті техникалық байқаудан өткізу жарты сағат шамасында ғана уақыт алады. Бүгінде орталықта кезек жоқ. Жүргізушілер көліктерінде ешбір ақау болмаса, тез-ақ техникалық төлқұжаттарын алу мүмкіндігіне ие. Тағы бір маңызды жайт, жаңа ережеге сай, көлік иелері енді темір тұлпарының тіркелген жеріне қарамастан кез келген қалада оны байқаудан өткізе алады.

  Мұратбек Тілегенов, жүргізуші:
-Біз үшін өте ыңғайлы. Көлігім Батыс Қазақстанда тіркелген. Өзім 2011 жылдан Петропавлда тұрып жатырмын. Бүгін техникалық байқаудан өткіздім. Тез. Кезек жоқ.

Жалпы жаңа жылдан бері облыс орталығында 900- ден астам көлік тексерілген. Оның он пайызы техникалық байқаудан өтпеген. Өйткені жаңа ережеге сай талап та күшейтіліп отыр. Бұл тәртіп дамыған мемлекеттердегі тәжірибеге негізделген. Мақсат – автокөліктің техникалық ақауынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын  алу.

  Андрей Макаров, көлік бақылау инспекциясы облыстық филиалының бөлім бастығы:
– Жаңа жүйенің жетістіктері көп, енді бармақ басты көз қыстылыққа жол берілмейді. Осылайша автокөлікті әкелмей, басқа жолмен куәлікті алуға тосқауыл қойылды. Техникалық бақылау өту кезінде фотоға түсіріледі және олардың тексерілген қорытындысы автоматтандырылған түрде диагностикалық картаға еніп, онлайн режимінде министрліктің серверіне жіберіледі.

Алдағы бір ай көлемінде облыс орталығында көліктерді техникалық байқаудан өткізетін тағы бірнеше орталық ашылмақ. Сондықтан мамандар кезек мәселесі туындамайды деп отыр.

Айымгүл Әбілева