ТЖ

Құтқарушылар 2011 жылды қорытындылады



 

Былтырғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда биыл өрт оқиғалары 28 пайызға кеміген. Сәйкесінше   қызыл жалын келтірген материалдық шығын да осыншамаға азайыпты. Жалпы өткен жылы өңірімізде 785  өрт оқиғасы тіркеліп, ттілсіз жау 553 млн. теңгенің шығынын әкелді. Алайда, оттан жапа шеккендердің саны 17,6% артып отыр. Өршіген жалынның тұтқынында қалған 90 адамның 60-н өлім аузынан аман алып қалуға мүмкіндік болмады. Оның ішінде 12-cі кәмелет жасына жетпегендер. Өзгелері түрлі дене жарақатарын алған.  

 Нұржан Атығаев, СҚО ТЖД басқарма бастығы:
– СҚО аумағында  орын алған барлық өрт оқиғаларының 80,7% пайызы тұрғын үй секторында тіркелді. Нақты айтсақ 634 баспананы от күлге айналдырды. Өткен жылы өрт күрескерлері электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан жанып кеткен көлік нысандарын сөндіруге де жиі шақырту алды. Сауда нүктелері де бірінен соң бірі күйді.  

Көп жағдайда адам шығынына әкеп соғатын осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін өрт сақшылары халық көп шоғырланатын  нысандарды тексеріп тұрады. Нәтиже көңіл көншітерлік емес. Ғимараттардың аз бөлігінде ғана өрт қауіпсіздігі ережелері қатаң сақталған екен. Мәселен 648 білім мекемесінде  2 мыңнан артық заңбұзушылық анықталды.

Нұржан Атығаев, СҚО ТЖД басқарма бастығы:
-Білім саласының мекемелерін тексергеннен кейін 329 тұлғаға 2 млн. 843 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Өрт қауіпсіздігі ережелері мүлдем ескерілмейтін нысандарды жабу бойынша ауданаралық экономикалық сотқа 253 материал жіберілді.  

Суда құтқару қызметінің мамандары да жыл бойы алдын алу шараларын өткізіп, өзен-көлдердегі қауіпсіздікті сақтауға аса үлкен мән беретіндерін айтады. Өткен жылы шомылу маусымында 34 адам суға кетіпті. Жапа шеккендердің көбі араққа тойып алып белгіленбеген жерлерде малтыған. Ал арнайы жағажайларда бірде-бір қайғылы оқиға тіркелмепті.

 Виктор Держанский, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің бас сүңгуіршісі:
– Адамдардың суға кетуін 42 пайызға дейін төмендеттік. Көбіне жасөспірімдер ата-ана қарауынсыз су жағалап жүреді. Белгіленбеген жерлерде шомылады. Техникалық бақылаудан өтпеген қайықтармен жүзеді. Біздің штаттық құрам барлық су көздерін бақылауда ұстап тұруға жеткіліксіз.  

Өткен жылды қорытындылаған баспасөз масихатында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары әр адамның сақтығы өз қолында екендігін тағы бір ескертті. Ең бастысы қарапайым ережелерді ұстанып жүру керек деген кеңес берді.

Жеңіс Ермұқанов