Облыстық әкімдік отырысы

Билік

15:13 31 Қаңтар 2012

Жиында ең алдымен аймақ басшысы Серік Біләлов  облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы Руслан Есеналинді таныстырды. Ол жаңа қызметке тағайындалғанға дейін аталмыш басқарма бастығының орынбасары болып еңбек еткен. Облыс әкімі жаңа басшыға сәттілік тілеп, алда тұрған маңызды міндеттерді айқындады.
Отырыста өткен жылы өңіріміздің мәдениет саласында атқарылған жұмыс қорытындыланды. Былтыр бұл салаға 1 млрд. 800 млн. теңгеден артық қаражат бөлінген. Қаржының қомақты бөлігі мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталыпты. 2011 жылы аудандарда 4 кітапхана, 2 мәдениет үйі мен мұражай ашылған. Дегенмен шешуін күтіп тұрған мәселелер де жетерлік.

Талғат Ақылбеков, СҚО мәдениет басқармасының бастығы:
– Бүгінгі күні бес ауданда 4-5 қызметкері бар мәдениет бөлімі тек қана мәдениет пен тілдерді дамыту саласында ғана емес, дене шынықтыру мен спорт бағытында да үйлестіруші болып табылады. Бұл түйіткілді мәселелерді шешуге кедергі келтіруде. 800-ден астам адам тұратын 52 елді мекенде мәдениет нысандары жоқ.

Тағы бір мәселе – ауыл кітапханалары телефон байланысымен толығымен қамтамасыз етілмеген. Бүгінгі күні облыс бойынша 274 кітапханада осы мәселе шешімін таппаған. Облыс әкімі бұл жағдайды қатаң сынға алды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Ғ.Мүсірепов ауданында – 32 кітаханада, Тайынша ауданында, Тимирязев ауданында, Мағжан Жұмабаев ауданында – кітапханада телефон байланысы жоқ. Бұл мәселеге тиісті көңіл бөлінбеген. Ауыл кітапханаларын телефон байланысымен қамтамасыз ету үшін ешбір шара қолданбағасынсыздар.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана жұмысында да кемшіліктер бар. Келіп түскен кітапты бөлуде мәселе туындайтын көрінеді. Жиында облыс орталығында Жұмысшы кентінде, Береке және 20 -шы ықшамаудандарында кітапханалар қажеттігі айтылды. Бірақ оларды ашуға ғимарат мәселесі тұсау болып отыр. Тағы бір түйіткіл – тарихи-мәдени нысандарды күзету мәселесі. Осы күні жеті нысанда күзет жоқ. Облыс әкімі жиында көтерілген барлық мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар отырыста коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға беру бағытында атқарылып жатқан жұмыс таразыланды. Өткен жылы облыста бұл көрсеткіш 3 пайызды құраған. Енді 2012 жылы оны 4 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Айымгүл Әбілева

Бұдан әрі оқыңыз