Мәдениет

Әдеби кеш

 

 

Көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайреткері Кәкімбек Салықов бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Шал ақын ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген   ақын-аға көптеген жыр жинақтары мен елге танымал 500-ден астам ән сөздерінің авторы. Бүгінгі кеште жастарға ақын өмірі жайлы үзік-үзік сырлар айтылып, оның шығармашылығы баян етілді.

  Қайролла Мұқанов,  «Асыл мұра» орталығының ғылыми қызметкері:
– Кәкімбек Салықов  мектепте оқып жүрген кезінен өлең жаза бастаған. Оның өлең жаза бастайтын себебі – маңайындағы туыстарының көбі ақын, шебер шешендер болған. Мысалы, Тырбиев Молдахмет сияқты. Үкілі Ыбырайды жастайынан оқып, Ақан Серіні оқып, ауызданған. Жалпы айтқанда, Кәкімбек – өзінің жолы бар ерекше ақын. Сондықтан біз оның ақындығымен мақтана аламыз.

Кәкімбек Салықовтың алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» деген атпен 1970 жылы жарық көрген. Бүгінде ол 50-ден артық кітаптың авторы. «Ақ қайың өлеңі» ақынның тырнақалды туындыларының бірі.  
Өскелең ұрпақ белгілі ақынның өлеңдерін оқып, жырларынан сусындауда. Айтолқын Мұнайдарова да Кәкімбек ағаның өлеңдерін сүйіп оқитындығын айтады.

  Айтолқын Мұнайдарова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Кәкімбек Салықов – менің ең сүйікті  ақындарымның бірі. Бүгінгі кешке «Тәттімбет» поэмасынан үзінді жаттап келдім. Бұл поэма  –   қазақ даласындағы ұлы, дана адамдардың қаншалықты көп болғандығын, ұлы деген сөзге тұрарлық жандардың қаншалықты көп болғандығын көрсететін шығармалардың бірі.

Кәкімбек Салықов тек өлең жазып қана қоймай, Пушкин, Гете сияқты жыр алыптарының өлеңдерін аударған. Ал оның «Жез киік», «Аққу жеткен» сынды өзі шығарған 20-дан астам әндері бүгінде халық арасында өте танымал.

Әспет Әбдірешова