Спорт

Жанат Жақиянов – Азия чемпионы

 

 

 

 Бұл Петропавлдағы алғашқы кәсіпқой бокс кеші. “Жеңіс” спорт кешені жанкүйерлерге лық толы. Кеш Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстан бокшыларының қатысуымен рейтингтік кездесулерден басталды. Бірінші жекпе-жекте солтүстікқазақстандық спортшы жеңіске жетті. Адам Магаев Шымкент қаласынан келген Алексей Суворовтан төртінші раундта ұпай бойынша басым түсті.

Адам Магаев, бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
-Қиын болды. Бұл менің кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісім. Мен өте қуаныштымын. Не айтарымды да білмей тұрмын.  

Екінші кезедесуде де петропавлдық жеңіске жетті. Рауан Смағұлов пен Алмаз Қуанышбековтың арасындағы жекпе-жек екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды. Үшінші жекпе-жекте шаршы алаңға Өзбекстан мен Қырғызстан спортшылары шықты. Өзбек боксшысы Элиор Гулошов та қарсыласын нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті.
Бұл жекпе-жектерден кейін шаршы алаңға WBC  нұсқасы бойынша кәсіпқой бокстан Азия чемпионы атағына үміткерлер шықты. Бұл көптен күткен және кештің ең басты жекпе-жегі. Спортшылармен бірге олардың жаттықтырушылары да шықты. Қол алысқаннан кейін солтүстікқазақстандық Жанат Жақиянов пен тайландтық Лукдиав Тор Бунамас арасындағы жекпе-жек басталып кетті. Рингке шыға сала жерлесіміз қарсыласын жұдырықтап, соққылардан көзін аштырмады. Нокдаунға қарамастан тайландық боксшы жекпе-жекті жалғастырды. Бірақ кездесудің екінші минутында Жанат Жақиянов Лукдиав Тор Бунамасты нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті. Барлығы 10 раунд жоспарланғанымен боксшылар арасындағы жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды. Осылайша Азия чемпионы атағы солтүстікқазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновқа бұйырды.  Жекпе-жек бар болғаны 1 минут 35 секундқа ғана жалғасты. Бірақ бұл көрермендердің көңіл-күйіне кері әсер етпеді. Жанаттың жанкүйерлері оның үлкен жеңісіне қуанышты.

 – Біз өте қуаныштымыз. Жанатты жеңісімен құттықтаймыз.
-Жекпе-жек көңілімізден шықты. Сөз жоқ. Жанат үшін қуаныштымыз. Керемет жеңіске жетті.
– Біз Жанаттың жеңіске жететініне сенімді болдық. Оған өзге жекпе-жектерде де сәттілік тілейміз.

Чемпионды облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтап сыйлық тапсырды.
Бұл кештің ұйымдастырушылары – Филипп Фондю мен Ерік Жайлауовқа да сыйлық табыс етілді.

Ерік Жайлауов, «Ulan Boxing» промоутерлік компаниясының директоры:
– Мен Жанаттың мықты екеніне көзім жетті. Жекпе-жек ұзағырақ болатын шыгар деп ойлағанмын. Бірақ Жанат қысқа уақыттың ішінде қарсыласын тізе бүктіріп,  жеңіске жетті. Мақтан тұтарлық .

Жекпе-жектен кейін Ерік Жайлауов болашақтағы жоспарымен бөлісті. Промоутер Петропавлда биыл шілде айында тағы бір жекпе-жек өткізуге уәде берді. Жанат Жақиянов енді Еуропа чемпионы атағы үшін сынға түседі.

Айымгүл Әбілева