Қоғам

Некеге тұру туралы өтінішті ғаламтор арқылы беруге болады

Біздің облысымызда да бұл жүйе жұмыс істей бастады. Тек жас жұбайларда цифрлы қолтаңба болуы қажет. Бүгінгі таңда ғаламтор арқылы некеге тұруға 7 жұп өтініш беріпті.

 Ботагөз Дүйсенбекова, Петропавл қаласының әділет басқармасының жетекші маманы:
-Электронды цифрлы қолтаңбаны “Электрондық үкімет” порталында немесе халыққа қызмет көрсету орталығында алуға болады. Электронды өтініш беру үшін порталда тіркеліп, өтінішті толтыру керек – некеге тұратын тұлғалар туралы мәлімет енгізу және электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен өтінішке қол қою керек.

Бүгін Максим Бунин мен Нина Щербак үшін атаулы күн. Олар жұптарын заңды түрде тіркейді. Жаңа отау құрушылар алғашқылардың бірі болып ғаламторды пайдаланып, өтініш беріп, жаңашылдықтың тиімділгін бағалап үлгергендер.

 Максим Бунин:
– Үйде отырып-ақ, ешбір мемлекеттік органдарға бармай, ұзақ кезекте тұрмай өтініш беруге болады. Бұл өте тиімді.  
 Нина Щербак
:
 – Біз 6 жыл бірге қол ұстасып жүрміз. Міне, енді некемізді заңды түрде тіркемекші болып, қалалық АХАЖ-ға келгенімізде олар бізге ғаламтор арқылы өтініш беруге болатынын айтты. Өте аз уақыт алады. Барлық жұпқа кеңес береміз.

Бұл қызмет өте тиімді дейді мамандар. Бұған дейін азаматтар өтініш бергенде мемелкеттік органға бірге келіп өтініш беру керек еді. Қазір азаматтар әр жерде болуы да мүмкін. Айту керек, бұл қызмет тегін. Тек некені тіркеу үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж төленеді.