Білім

Облыстық пән олимпиадалары басталды

 

 

 

Диана Усольцева 9 сыныпта оқиды. Олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр. Бірінші кезеңде оқуы қазақ тілінде жүретін мектеп шәкірттері шығарма жазады. Ал орысша оқитындарға белгіленген тақырыпта мазмұндама жазу талабы қойылды. Берілген тапсыраманы қатысушылар 150 минуттың ішінде орындаулары тиіс. Қазақ-түрік лицейінің оқушысы Диана бұл сыннан сүрінбей өтіп, республикалық олимпиадаға жолдама алатынына сенімді.

Диана Усольцева, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-лицейінің оқушысы:
– Мен облыстық олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын. Мен орыс мектептеріне арналған қазақ тілінен қатысамын. Бірінші рет қатысып отырмын, бірақ орын аламын деп ойлаймын.

Облыстық олимпиадаға биыл 496 үміткер қатысып отыр. Оның 147-сі аудандардан , ал 349-ы  қалалық білім ошақтарынан. Жалпы білім беретін 15 пәннің тапсырмаларын «Дарын» республикалық орталығының мамандары әзірлеген.

  Рысжан Нұрғалиева,  СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Қаңтар айының 27-28-і күндері мектеп оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өткізілді. Олимпиаданың негізгі мақсаты облысымыздың талантты, дарынды балаларын анықтау , екіншіден, республикалық турға дайындау.

Олимпиадаға қатысушылардың жұмысын Солтүстік Қазақстан мемлекеттік унивеситетінің оқытушылары сараптайды. Олар шағарманың тіліне, тақырыптың ашылуына, стиліне, орфографиялық қателеріне баса назар аудармақ. Қазылар алқасы оқушылардың білім бәйгесіне тиянақты дайындалғаны көрініп тұр дейді.

Жанбай Қадыров, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі:
– Оқушылар өз деңгейлерінде шығармаларын  бастап жазып жатыр. 9-сыныпта – «Ер Төстік» менің сүйікті кейіпкерім, 10-сыныпта – Ы.Алтынсаринға арналған, 11- сыныпта – Жамбыл, Жүсіпбек Аймауытов шығармалары берілген. Барлығы мектеп бағдарламасына сай. Облысымыздың намысын республикада қорғап, жүлделі орын алады ғой деген сеніммен ең үздік оқушыны таңдап, республикаға жолдама береміз деп отырмыз.

Майнура Оразалина оқушысын білім сайысына үкілеп, Шал ақын ауданынан келген. Тапқырлық пен терең білімді қажет ететін сын кімге болса да оңай емес дейді. Бірақ оқушысының жерге қаратпайтынына сенімді.

Майнура Оразалина, қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Шал ақын ауданы:
– Біздің ауданнан 11 оқушы әкелдім, оның көбі тіл пәндерінен. Сол оқушылардың нәтижесі қандай болады деген толқу, ойлап отырмын. Сәттілік тілеймін.

Жазбаша кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар екінші турға жолдама алады. Ал ол сайыста бағы жанғандар республикалық олимпиадаға қатыспақ.