Спорт

Таэквандошылар жеңісі

 

 

Жергілікті таэквандошылар үшін бұл 2012 жылдың алғашқы жеңісі. 12 команданың ішінде жерлестеріміз 5-орынға тұрақтады. Өңіріміздің намысын бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі таэквондо бөлімінің 9 спортшысы қорғады. Жаттықтырушы өз шәкірттерінің жетістіктеріне риза.

Владимир Хван, бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, таэквондо бөлімінің жаттықтырушысы:
-Жарысқа тәжірибелі және жас спортшылар да қатысты. Нәтиже жаман емес. Үздік таэквондошылар Қазақстан құрамасына еніп, еліміздің намысын қорғайтын болады.

Жарыс 3 категория бойынша өтті. Үйлесімді қимылдар мен арнайы техниканы қажет ететін жекпе-жекте Илья Хванның жолы болмады. Бірақ спортшы мақсатының болашақта орындалатынына сенімді.

Илья Хван, таэквандо бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Қазақстанның құрамасына мүше болып енемін деген мақсатпен бардым. Алайда соңғы сында біраз қиындықтар туып қалды да, құрамаға енбедім. Алдағы уақытта қарсыластарыма дес бермеуге тырысамын.

Айта кету керек, Илья 2-жыл жаттықтырушы болып жұмыс істеуде. Оның шәкірттері де чемпионатқа қатысыпты.  Глеб Лымарь – қарсыластарына тізе бүктіріп, чемпион атанды. Спортшы таэквандомен 5-ші жыл айналысып келеді. Тұңғыш алқасы 6 жасқа толғанда қалалық чемпионатта бұйырыпты. Осы жолғы додадан 13-ші медалін қанжығасына байлады.

Глеб Лымарь, бокстан балалар мен жасөспірімдерспорт мектебі, таэквондо бөлімінің оқушысы:
-Қарсыластарым мықты болды. Бірақ бағым жанды. Болашақта бапкерім сияқты халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, талай биікті бағындырсам деп армандаймын.

Қазақстан чемпионаты спортшыларымыз үшін кезекті сын болды дейді құрама бапкері Владимир Хван. Енді жерлестеріміз ел намысын Азия чемпионатында қорғамақ.

Айдана Демесінова