Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Жұмыспен қамту-2020”

 

 

 

 

Юрий Шикуновқа машиналарды жөндеу қабілеті әкесінен дарыған екен. Техник-механик мамандығын игерген азамат шағын техникалық қызмет көрсету станциясын ашуды бұрыннан армандаған. Ал 2011 жылдың жазынан жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жеке ісін ашуға мүмкіндік туғызды. Алдымен Юрий Шикунов жергілікті еңбекпен қамту орталығына өз кәсібінің жобасын ұсыныпты. Осылайша талапты тұрғын қараша айында бағдарламаның 2 бағыты бойынша 1 млн теңгені несиеге алған. Смирнов ауылында автокөліктерді бояушы цех болмаған екен. Сондықтан да кәсіпкер ісінің өрге домалайтынына сенімді

Юрий Шикунов, жеке кәсіпкер:
-Бағдарлама аясында Кәсіпкерлік негіздерін оқытатын курстарда білім алдық. Кейін өз кәсібімді ашуға бел будым. Мемлекет қолдау көрсетіп,  5 жылға 6 пайыздық жеңілдетілген несие берді. Цех әлі ашылған жоқ. Ал клиенттер кезекке тұруға асығып отыр.

Желтоқсан айының соңында бұл жерде құрылысқа қызу кіріскен. Қажетті материалдардың 80 пайызы алыныпты. Бөлінген қаржының де 80 пайызы игеріліп, ауқымды іс тындырылды. Құрылысшылар наурыз айына дейін бар жұмысты аяқтайтындығын айтып отыр.

  Николай Найда:
– Бөренеден цехтың негізгі қаңқасы жасалып қойды. Төбесін де жаптық. Енді суықты өткізбейтін арнайы материалдармен іші-сыртын қаптаймыз.  

Жалпы Аққайың ауданында өткен жылы “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасы аясында 253 тұрғын жұмыспен қамтылып, 31 әлеуметтік жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның 2-ші және 3-ші бағыттары бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды

Евгений Остертак, Аққайың ауданының еңбекпен қамту орталығының директоры:
-2-ші бағыт бойынша кәсіпкерлікті оқыту курстарынан 14 адам өтті. Олардың 6-уы несиеге қол жеткізіп, іске кірісті. 3-ші бағыт бойынша азаматтардың экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесу мақсатында 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мамыр-маусым айларында мұнда 10 жанұяны көшіру жоспарланып отыр.

 Айдана Демесінова