Спорт

Қаңтардың 27-сі – кәсіпқой боксшылар жекпе-жегі

 

 

 

4 жыл бойы кәсіби шаршы алаңда жұлдыздай жарқырап жүрген Жанат Жақияновқа өз салмағында кәрі құрлық елдерінде тең келер қарсылас жоқтығын енді бір дәлелдеу керек. Еуропалық ареналарда майталман боксшыларды тізе бүктіре білген қазақ  ұланы туған жерінде жеңісті жолын еселейтініне сенімді. 17 кездесудің 16 айқын басымдылықпен ұтқан жерлесіміз оның 9-н мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтапты.

Жанат Жақиянов, кәсіби бокстан Азия, Еуропа чемпионы:
Дайындығым жақсы.

Жанат бағындырған Азия чемпиондығына кезекті үміткер Лукдиав Тор Бунамас та оңай жарылар жаңғақ емес. 14 кездесудің 11-ін өз пайдасына шешкен тайлық былғары қолғап шебері қазақ жеріне тек жеңіс үшін мыңдаған шақырымды артқа тастап келгендігін алға тартады.

Лукдиав Тор Бунамас, кәсіби бокстан Азия чемпиондығына үміткер:
Қандай болмасын спортшы жарысқа сүріну үшін шықпайды. Мен кездесуді үшінші раундтан асырмаймын деп жоспарлап отырмын. Әрине жеңіс пен сәттілік менің жағымда болатынына сенімдімін.  

Өстіп ұрыспай берілмейміз деген қос мықтының қайсысының айтқаны келетінін ертеңгі 10 раундтық кездесу көрсетеді. Әзірше былғары қолғап шеберлері спорт жабдықтарын тексеріп, салмақтарын нақтылады.  Екі файтердің де салмағы тең – 53 келі 300 грамм. Баспасөз маслихатына жиылған қауым мен бапкерлер Жанат Жақияновтың үмітті ақтап айқын жеңіс сыйларына сенімді. Азияның үздік арландары қолғап түйістірер алдында тағы 4 рейтингтік кездесу өтеді. Онда солтүстікқазақстандық Самат Смағұлов пен Адам Магаев және Қзақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның бетке ұстар спортшылары жұдырық түйістіретін болады.

 
 Жеңіс Ермұқанов