Аптадағы маңызды жаңалықтар

Психологиялық қызмет кабинеттері

 

 

Жыл сайын әлем бойынша 1 млн-дай адам өзіне- өзі қол жұмсайды екен. Өмірімен қоштасуға бел буу оқиғасының әрбір оныншысы қайғылы аяқталады. Әсіресе болмашы мәселелерден жүйкесі жұқарып, өзіне қол салуға баратындардың дені 14-16 жас аралығынадағы жасөспірімдер.

Светлана Кухарева, СҚО бас суицидологы:
– Мұның алдын алу ата-ананың қолында. Жұмыстың соңында жүрген ересектер баласына көңіл бөлуді ұмытып кетеді. Кейде оны толғандыратын мәселе жайында сөйлесуге де мұршасы келмейді. Ал мұндай қамқорлық жасөспірім шақта әсіресе қажет-ақ. Баланың мәселесін тыңдап, кеңес беруден қашпау керек.

Қазақстан жеке басына түскен қиындықтарды жеңе алмай, жанын өлімге қиятын адамдардың санына қарай әлем елдері арасында 90-шы орында. Соңғы уақытта белең алған қоғамдық мәселеге тосқауыл қою үшін биылдан еліміздің әрбір қалалық, аудандық емханаларында психологиялық қызмет көрсету кабинеттері ашылды.

Игорь Ланда, облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері:
– Кабинеттер қажетті жабдық, әдістемелік құралдармен толық жарақтандырылған. Ондағы медициналық психолог, психиатр, әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүйке мәселесіне қатысты кез-келген азамат келіп кәсіби көмек ала алады. Бұл қызмет облыстық психоневрологиялық диспансер мен қоғамды байланыстырушы қызметін атқарады.

Жаңа қызметтің мамандары арасында өткен бүгінгі диалог осы тақырыпты арқау етті. Семинар кеңесте ақ халатты абзал жандар ортақ қиындықтармен күресудің жолдарын қарастырды. Мамандар өзіне-өзі қол жұмсаушылар қатарын азайту мақсатында қоғаммен бірлескен жұмыстарды жиі өткізу керектігін алға тартады. Жыл басынан мамандар білім мекемелері мен кәсіпорындарды аралап, сынақ алып, өз орындарында жеке кеңес беріп, алдын алу жұмыстарын атқаруға кірісіп кетіпті. Ғ. Мүсірепов аудандық ауруханасының психологы Күлзия Әлмұхамбетова жан күйзелісіне түскен адамдарды арашалап қалуға болады дейді. Тек олардың сенімін жоғалтып алмай, кәсіби тұрғыда көмек көрсету қажет.
Өңіріміздің емдеу мекемелерінде психологиялық қызмет көрсететін 18 кабинет ашылыпты.

Жеңіс Ермұқанов