Спорт

Өңір спортының даму қорытындылары

 

 

Былтыр өңірде 38 жаңа спорт нысаны бой көтерген. Сөйтіп, бүгінгі күні олардың саны 2210-ға жетіпті. 20 спорт мектебіне 22,5 млн. теңгенің спорттық инвентары сатып алынған. Өңірімізде ауылдық жерде спортты дамыту үшін көп жұмыс атқарылуда. Былтыр бірқатар елді мекендерде жаңа нысандар салынып, тозығы жеткендері қалпына келтірілген.

Руслан Есеналин,  СҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:
-М.Жұмабаев ауданында мектептердегі 3 спорт залы күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл мақсатқа аудан бюджетінен 15 млн. теңге бөлінген. Молодогвардейское селосында 2 млн. теңгеге стадион қалпына келтірілген. Ғабит Мүсірепов ауданында Новоишим селосындағы “Жастар” орталық стадионы жөнделді. Аудан бюджетінен 42 млн. теңге жұмсалды. Сондай-ақ Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөлде де стадион күрделі жөндеуден өткізілді.  

Қоян жылы жерлес спортшылар үшін жемісті болған. Қазақ жерінде өткен жетінші қысқы Азия ойындарына 4 солтүстікқазақстандық қатысты. Олар 5 медаль жеңіп алды. Жалпы өткен жылы өңіріміздің спортшылары 40 халықаралық сайысқа қатысқан. Сөйтіп, республикалық және халықаралық додаларда 300-ден астам алқаны жеңіп алыпты. Бұл ретте ел абыройын асқақтатып жүргендердің еңбегі тиісінше бағаланып жатқанын айту керек. Облыс әкімі былтыр бірқатар спортшылар мен жаттықтырушыларға пәтер кілттері мен сыйақылар табыс етті. Жиында облыста өткен сайыстардың қорытындысы да шығарылып, үздіктер марапатталды. Жалпыкомандалық есепте үшінші орынды шалақындықтар жеңіп алды. Екінші орынды Ғ.Мүсірепов ауданының спортшылары иеленсе, қызылжарлықтар топ жарып үздік атанды.
Ал Министрлік шешімімен көпжылғы адал еңбегі үшін балалар мен жасөспірімдер күрес мектебінің директоры Ғалым Өркешов “Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін” атағына лайық деп табылды. Оның бұл салада қажырлы еңбек етіп жүргеніне отыз жыл болған. 2011 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отырған спорт басқармасындағылар алда тұрған міндеттерді де айқындады. Бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінбек. Ауылды жерлердегі мамандар тапшылығы мәселесін де шешу қажет. Тағы бір айта кетерлік жайт, биыл Петропавлда Береке ауданында спорт сарайының құрылысы басталмақ. Бүгінде жоба-сметалық құжат дайын. Ал спортшыларымызды алда үлкен сын күтіп тұр. 2012 жылы Лондонда өтетін жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын 4 жерлесіміз қорғайды.

Айымгүл Әбілева