Бизнес және экономика

«Изолит» өндіріс көлемін ұлғайту үстінде



 

«Изолит» зауытының қызметкерлері кәсіпорынның 70 жылдық тарихын мақтан тұтады. Бүгінгі өндіріс ошағы соғыс жылдары қаламызға көшірілген Калинин атындағы алып зауыт негізінде құрылған. Кәсіпорын   2008-2009 жылдардағы соңғы дағдарыстан   аман шығып қана қоймай, өндіріс ауқымын арттыра алды. Әрине, мемлекет қажетінше қолдау білдірді. Қазіргі таңда зауытта электр оқшаулауға қажетті материалдардың 100-ге тарта түрі шығарылады.

Александр Сергеев, “Изолит” ЖШС басқарма төрағасы :
-Шынын айту керек, ауқымды тапсырыстарды орындау үшін демалыс демей, мереке демей 2 ауысымда еңбектеніп, тер төгуге тура келді. Осының нәтижесінде былтыр өндіріс көлемі бірден 30,7 пайызға артты. 12 айда 560 млн теңгенің өнімі шығарылды.

Өнімге деген сұраныс артқан тұста, маман дайындау жайы да назардан тыс қалмапты. Өткен жылы өндіріске тағы 45 қызметкер жұмылдырылған. 2011 жылды зор табыстармен аяқтаған кәсіпорынның 2012 жылға артқан үміті зор. Үстіміздегі жылы зауыт 1 млрд теңгенің өнімін шығаруы тиіс. Ол үшін барлық жағдайлар жасалды.
 
Александр Сергеев,  “Изолит” ЖШС басқарма төрағасы:
– Биыл 3 бағдарлама бойынша жұмыс басталып кетті. Алғашқысы – өндіріс ауқымын ұлғайту. Ол үшін айналымдағы қаражатты толтыру мақсатында 60 млн теңге несие алдық. Екінші бағытымыз – таспа негізіндегі жаңа өнімдерді дайындау. Нәтижесінде шығарылатын тауар түрлері 100-ден асып түсуі тиіс. Қазір желіні іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Және соңғы бағыт – ағаш шеберханасына жан бітіру.

Қазіргі таңда зауыттың әкімшілік ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Есік-терезелер, ендігі кезекте, зауыттың өзінде дайындалады. Болашақта бұл шеберхананың өнімдері шетел асуы да мүмкін. Ал әзірше, кәсіпорында дайындалған оқшаулағыш материалдар ғана Ресей, Украина, Грузия, Армения, Түркмения сияқты елдерге жөнелтілуде.

Гүлмира Шоқтыбаева