Қоғам

Әділет органдары қызметіндегі өзгерістер

 

 

 

Ендігі уақытта қалада орналасқан жылжымайтын мүлікке құқығыңды тіркеу үшін Петропавл қаласының әділет басқармасына жүгіну қажет. Мұнымен қатар облыс орталығында құрылған заңды тұлғалар және филиалдар мен өкілдіктерді тіркеу қызметтерін де жаңа жылдан қалалық басқарма жүзеге асырады.

Ерік Есентаев, Петропавл қаласы әділет басқармасының бастығы:
-Аталған бағыттар бойынша құжаттарды тапсыру тәртібі мен мерзімі өзгермейді. Құжаттар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тапсырылады.  

Сондай-ақ қаңтарда “Неке және отбасы туралы” Кодекс заңды күшіне енген. Кодекске жаңа 110 бап енгізіліп отыр. Тағы бір жаңашылдық – “электрондық үкімет” порталында жаңа қызмет пайда болған. Ендігі уақытта некеге тұруды жоспарлаған жастар өтінішті ғаламтор арқылы бере алады.

Ботагөз Дүйсенбекова, Петропавл қаласының әділет басқармасының жетекші маманы:
– Бүгінгі күні аталған қызмет арқылы некеге бірінші рет тұратын және электрондық цифрлы қолтаңбалары бар ҚР азаматтары бере алады. Электронды цифрды қолтаңбаны “Электрондық үкімет” порталында немесе халыққа қызмет көрсету орталығында алуға болады. Электронды өтініш беру үшін порталда тіркеліп, өтінішті толтыру керек – некеге тұартын тұлғалар туралы мәлімет енгізу және электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен өтінішке қол қою керек.

Бұл қызмет өте тиімді дейді мамандар. Өйткені ғаламтор арқылы өтініш бергенде азаматтар әр жерде болуы да мүмкін. Айту керек, бұл қызмет тегін. Тек некені тіркеу үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж төленеді. Жаңа қызмет жөнінде қажетті мәліметті қалалық әділет басқармасының мамандарынан білуге болады.
Бүгінгі күні жаңашылдықтың тиімділігін 7 жұп бағалап үлгеріпті.

Айымгүл Әбілева