Жетім көрсең – жебей жүр

Балалар

15:49 25 Қаңтар 2012

Адель осымен төртінші жыл жаңа отбасында тәрбиеленуде. Биылдан қаладағы №5 орта мектептегі дайындық тобына барып жүр. Қазір, алғашқы әріптерді де қағазға өз бетінше түсіре алады. Бүлдіршін сабағын жақсы оқып, ата-анасын қуантатынын айтады.

– Мен мамамды, атамды жақсы көремін!

Анасынан ерте айырылған Аделияны туған атасы өз қамқорлығына алыпты. Жиені оны ата десе, әжесін анасындай көріп, “мама” деп кеткен. Қазақ “жетім көрсең, жебей жүр” деген. Туған қызым мезгілсіз бұл өмірмен қош айтысқанда, еш ойланбастан жиенімізді өзімізге алдық дейді отағасы.

Марат Сағындықов,  Аделияның атасы:
-Баладан да немере тәтті дейді ғой. Содан болар қасыман шығарғым келмейді. Мені күтіп отырады. Кәрі болғасын денсаулық тілейміз, қызымызды өсірейік деп талпынып жүреміз. Өзімізге бір күш берген сияқты немереміз.
 
Төртінші баласындай болған немерелерін көтеру үшін қолдан келгенді жасап жатқан жайлары бар. Марат аға зейнет демалысына шыққанына қарамастан, екінші жылу орталығында әлі де еңбек етеді. Ал әжесі немересінің тәрбиесімен күнделікті айналысады.

Үміт Сағындықова, Аделияның әжесі:

-Болашағын ойлау керек бұлардың, ертең не болады, қалай оқиды, соны ойлау керек. Қызым кішкентай енді, бірақ көмектесіп, жанымда мамалап жүреді. Жылылықтың әсері ғой деймін, мамасын іздемейді, іздетпейміз де.
 
Полина Некрасова да, 3-жыл атасы мен әжесінің аялы алақанының астында өсіп келеді. 5-сыныпта оқитын бүлдіршіннің армандары көп-ақ. Анасы сияқты науқастарды емдейтін дәрігер де болғысы келеді. Мұғалім мамандығын да қалайды. Алдыма қойған мақсаттарыма жету үшін, сабағымды жақсы оқуға тырысамын дейді жеткіншек.
 Барлығы үстіміздегі жылы облыста жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған 1973 балғын тіркелген. Олардың 194 қамқорлыққа алынса, 19 бала жаңа отбасын тауыпты. Ал өзгелері мемлекет қамқорлығында. Облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары алдарына әр баланы отбасында тәрбиелеу мақсатын қойып отыр.

Қорлан Жайсенбаева,  СҚО балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы:
-Облыста мейірім клубы жұмыс істейді. Онда асырап алушыларға педагогкалық, психологиялық көмек береміз.

Осы күні қамқоршыларға мемлекет тарапынан барынша жағдайлар қарастырылған. Жетім баланы өз қарамағына алған оларға мемлекеттен ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленіп тұрады.

 Гүлмира Шоқтыбаева