Қоғам

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары

 

 

 

Бұл дәрісті тыңдаушылар – басшылық қызметке алғаш рет тағайындалған мемлекеттік қызметшілер – бөлім бастықтары, басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары. Олар бүгін басқару психологиясының қыр-сырын меңгеріп жатыр. Басшының әріптестерімен, қарамағындағы қызметкерлерімен дұрыс іскерлік қарым-қатынас орнатуының маңызы үлкен. Сондықтан оқыту семинарында әрбір мемлекеттік қызметшінің тұлғалық қабілеті мен қасиетін, өзінің жеке психологиялық ерекшеліктерін бағдарлауға үлкен мән беріледі. Мұнымен қатар мемлекеттік қызметшілердің сөйлеу мәдениетін меңгеріп, қалың бұқара алдында тосылмай сөйлеуінің де маңызы зор. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізе білу де басты талап. Мұның барлығын орталық оқытушылары 240 сағатқа есептелген қайта даярлау курсы шеңберінде оқытып жеткізуге тырысады.

Лидия Губарева,  СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру аймақтық орталығының оқытушысы:
– Бүгінгі күні енгізілген жаңашылдық – мемлекеттік қызметшінің психологиялық портретін жасау. Мәселен, бұл үшін – эссе қолданылады. Яғни, мемлекеттік қызметші белгілі бір мәселеге байланысты көзқарасын білдіріп, оны шешу үшін өзінің ұсыныстарын енгізеді. Сонымен қатар тестілеу жүргіземіз.  

Қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшілерден терең білім, заман ағымына сай білік пен дағдыны меңгеруін талап етеді. Бүгінгі күні жаңаша ойлап, әрекет ететін мемлекеттік қызметшілер, нарықтық экономика жағдайындағы басқару әдістерін табысты меңгерген басшылар қажет. Мемлекеттік қызмет реформасын дамытудағы басты міндеттің бірі де осы дейді Дәурен Нұрахметов. Мемлекеттік қызметшінің басшылық лауазымға тағайындалғанына бес ай болған.
 

Татьяна Лебедева, СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру аймақтық орталығының директоры:
– Бүгінгі күні орталықта басшылық қызметке алғаш рет тағайындалғандар оқыту курстарынан өтіп жатыр. Мұндай семинарлар алты аптаға есептелген. Оларға дәрісті білікті тәжірибелі мамандар оқиды. Орталықта қазіргі күні 130 оқытушы бар. Жалпы бүгінгі күні алға қойылып отырған мақсат – жаңашылдыққа, шығармашылыққа оң көзқараспен қарайтын инновациялық үлгідегі мемлекеттік қызметшілерді даярлау болып табылады.

Былтырғы жылы басшылық қызметке тұңғыш рет тағайындалған 209 мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өткен. Жалпы 2011 жылы орталықта 1400 адам оқыпты.

Айымгүл Әбілева