Аптадағы маңызды жаңалықтар

Агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа технологиялар

 

 

 

Көпжылғы тәжірибе мол өнім алуға мүмкіндік береді. Әрі өнімнің сапасы да жоғары, бәсекеге қабілетті дейді мамандар. Екі жақты әріптестік орнату жолдары облыстық әкімдікте өткен жиында сөз болды.
 Агроөнеркәсіп кешенінде инновациялық технологияларды пайдалану – бұл салада жақсы жетістіктерге жетудің кепілі. Біздің өңірдің климаттық жағдайы ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алуға мүмкіндік береді. Бірақ бүгінгі күні жаңа технологияларды қолданбай,  жақсы нәтижеге жету мүмкін емес деп атап өтті облыс әкімі Серік Біләлов.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Жаңа технологияларды пайдалану – топырақтың құнарлылығын қалпына келтіріп, сақтауға, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Біз құрғақшылық жылдары гектарынан 12 центнер өнім жинап алсақ, инновациялық технологияларды қолдана отырып, бұл көрсеткішті 20-25 центнерге жеткізуіміз қажет.  

Жаңа технологияларды картоп өсіруде пайдалануды “Агритех Профи” голландиялық компаниясы ұсынып отыр. Бұл фирманың Қазақстан мен Ресей нарығына шыққанына жиырма бес жыл. Айту керек, картоп өсірудің голландиялық технологиясы өңірімізде пайдаланылады. “Зенченко и К” командиттік серіктесігі бірнеше жылдан бері осы технологиямен жұмыс жасап жатыр. Нәтижесі көңіл көншітерлік деді облыс әкімі. Серік Біләловтың айтуынша, бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері картоп тұқымын Павлодар, Қарағанды мен Ресейден жеткізеді. Бұл ретте голландықтармен әріптестік орнатып, мәселені шешу жолдарын қарастыруға болады. Жалпы бүгінде шетелдік компания картоптың 200 тұқымын өсіреді. Жаңа технологияларды пайдаланудың нәтижесінде голландиялық мамандар гектарынан 40 тонна картоп жинайтын көрінеді. Әрі оның сапасы да жоғары. Компанияның экспорт жөніндегі директоры Леон Ван Дер Веккен тың технологияларды біздің облыста пайдаланудың мүмкіндігі зор дейді. Осы күні өңірде гектарынан орташа алғанда 15-20 тонна картоп жиналса, бұл көрсеткішті 40-50-ге жеткізуге болады. Жоба солтүстікқазақстандықтардың қызығушылығына ие болды. Ал технологияны пайдаланатын шаруашылық басшылары жоба қомақты қаржыны қажет ететінін, бірақ шығын ақталатынын алға тартты.

 Игорь Потимко, “СБИ-Агро-Ташкентка” ЖШС директоры:
Айту керек, голландиялық технология – қымбат технология. Картопты өсіруден оны сақтауға дейін көп қаржыны қажет етеді. Бірақ бұл технология өзін-өзі ақтайды. Павлодарда кеңінен пайдаланылады. Нәтижесі зор. Гектарынан 50 тоннаға дейін картоп жиналады.  

Ал биылғы жылдан бұл технологияны әрбір ауданда енгізу жоспарланып отыр.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
10-15 күнде бұл мәселені қарастырамыз. Әрбір ауданда 50 гектар жер бөлінетін болады. Және жерді судың маңынан бөлу керек. Ал тұқымды голландиялық фирмадан жеткіземіз.

Жиында сонымен қатар “Биоплант флора” минералды тыңайтқышын пайдаланудың алғашқы нәтижелері сөз болды. Өткен жылы бұл нанотехнологияны өңіріміздің ондаған шаруашылықтары енгізді. Нәтижесі қуантады. “Биоплант флора” тыңайтқышын пайдалану мол өнім алуға мүмкіндік берген. Биоорганикалық тыңайтқышты өндіретін зауыт бүгінде облыста салынып жатыр. Алғашқы өнім үстіміздегі жылы шығарылмақ.

  Давид Варагян, “Голдхэин энвэстмэнтс” компаниясының президенті:
Күзге қарай алғашқы өнімді шығарамыз. Бүгінде бұл жоба толығымен қаржыландырылған. Айту керек, бұл жобаға деген қызығушылық зор. Әлемнің үздік он банкінің қатарына кіретін қаржы институты акционерлікке өтіп отыр. Бізде зауытты Швейцарияда салуға барлық рұқсат құжаттары бар. Бірақ біз оны қазақ жерінде ашуды көздеп отырмыз. Жақсы инвесторларды тарту үшін жұмыс істейтін боламыз. Ал алдағы егіс науқанында сіздерге «Биоплант флора» минералды тыңайтқышын жеткізуге дайынбыз.

Шаруашылық жетекшілері әріптестік орнатуға әзір. Көктемгі егіс жұмыстарына минералды тыңайтқыш алу үшін өтінішті ауыл шаруашылығы басқармасына беру қажет.

Айымгүл Әбілева