Билік

Жаңарған Үкіметтің алғашқы отырысы

 

Селекторлық жиында Үкіметте болған барлық кадрлық өзгерістер қорытындыланды. 7 министрлікке жаңа басшылар тағайындалды. Премьер-Министр де орынбасарын жаңартты. Енді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов экономика мен өңірлік саясаттың жедел мәселелерін, индустриялық- инновациялық даму бағдарламасын, өнеркәсіп, электрэнергетика, ауыл шаруашылығы, жер және қоршаған орта, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым мәселелерімен айналысады. Вице-премьер Ербол Орынбаев білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат,  мәдениет пен спорт салаларын өз қоластына алды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнеске қатысты мәселелер де ендігі уақытта Ербол Орынбаевқа жүктеледі.  Ал Қайрат Келімбетов макроэкономика, қаржы және бюджеттік саясатқа қатысты мәселелерге жетекшілік ететін болды.
Кәрім Мәсімов жаңарған Үкіметке Елбасы тапсырмаларын орындауға бар күш-жігерді салуды тапсырды. Қазақстан өткен жылды 7 пайыздық өсіммен аяқтаса, үстіміздегі жылға да, қаржылық дағдарыстың 2-толқынына қарамастан, осындай меже белгіленіп отыр.
   Селекторлық жиыннан соң негізгі міндеттерді облыс әкімі Серік Біләлов те атап өтті. Үстіміздегі жылы іске қосылатын индустриялық-инновациялық жобалар өткен жылғыдан аз болмауы тиіс. Бұл бағытта аудандармен етене жұмыс жүргізу жүктелді. Отырыста ағымдағы мәселелер де қаралды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Өңірде тұз мәселесі өзекті болған еді. Қазір облыста тұздың 80 тоннасы бар. Жұма күні тағы 4 вагон тұз келеді. Жалпы өңір тұрғындары 1 айда 200-240 тонна тұз пайдаланады. Қазір жағдай тұрақты. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жалғастыратын боламыз. Кей көкөністердің бағасы түсіп жатыр. Әсіресе, картоп, сәбіз, пияз арзандады. Жалақы төлеуден де мәселелер бар. Қазіргі таңда әуежайдың 60 пайызын коммуналдық меншікке өткізу жайы қарастырылуда.

Сондай-ақ, өңір басшысы ведомстволар жетекшілеріне жыл қорытындыларын шығарып, өзекті мәселелерді белгілеуді тапсырды. Мүмкіндігінше, Серік Біләлов жиындарға өзі қатысатын болды.

Гүлмира Шоқтыбаева