Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстың 2011 жылғы даму қорытындылары

  

 

 

Өткен жылдағы облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуындағы көрсеткіштер қуантады. Өңірлік жалпы өнім 523 млрд. теңгеден асып жығылған. Сөйтіп өсім 7 пайызға жетіпті. Өнеркәсіп өндірісі 5 пайызға артқан. Қайта өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады – 12, 6 пайыз. Ал тамақ өнеркәсібінде керісінше өндіріс көлемі қысқарыпты.

Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
Тамақ өнеркәсібінде өндіріс көлемі 5 пайызға қысқарды. 2011 жылы ет өндірісі 9 пайызға, шұжық өнімдері – 7 пайызға, ірімшік өндірісі – 7 пайызға кеміген. Уәлиханов және Мамлют аудандарында ұн және нан өндірісі қысқарған.

Біздің облыс – аграрлық-индустриялық өңір. Бұл орайда ауыл шаруашылығы – басымдық берілетін сала. Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі өсім 60 пайызға жуық. Әлбетте, бұл нәтижеге былтыр облыс диқандары жинап алған мол астықтың арқасында жеттік дейді мамандар. Дегенмен мал шаруашылығында 2010 жылмен салыстырғанда көрсеткіштер төмен. Айталық, ет пен сүт өндірісі бес пайыз шамасында кеміген. Енді биыл бұл олқылықтың орнын толтыру қажет деді облыс әкімі Серік Біләлов. Осы бағытта үстіміздегі жылы үлкен міндеттер тұр. Жаңа мал кешендері іске қосылмақ. Асыл тұқымды мал басын көбейту де басты назарда.
Сондай-ақ биыл құрылыс саласын дамытуға да үлкен көңіл бөлу қажет. Өткен жылы бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп қалыпты. Петропавл қаласы, Аққайың, Айыртау,Тимирязев және Уәлиханов аудандарында жоспар орындалмаған.

Игорь Киселев, СҚО құрылыс басқармасының бастығы:
Аққайың ауданында жоспар бойынша 2590 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі керек болатын. Оның бар болғаны 544 шаршы метрі ғана тапсырылды. Тимирязев ауданында жоспар – 2772 шаршы метрді құраса, жыл аяғына дейін 1569 шаршы метрі пайдалануға берілді. Ал Уәлиханов ауданында 2011 жылы – 2060 шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланған, ал шын мәнінде 363 шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Өңір жетекшісі аудан басшыларының жұмысын сынға алып, кемшіліктерді жоюды тапсырды. Жиында Серік Біләлов 2012 жылы алда тұрған маңызды міндеттерді айқындады.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Облыстың индустрияландыру картасына енгізілетін инвестициялық жобаларды қарастыру қажет. “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасының бірінші және екінші бағыттары бойынша жүзеге асырылатын жаңа жобалардың санын көбейту үшін жұмыс жүргізу керек. Ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін арттыру үшін мониторинг жүргізіліп, қажетті шаралар қолға алынуы тиіс. Денсаулық сақтау және білім салаларын дамыту бойынша әзірленген іс-қимыл жоспарларын орындауға күш салу қажет.

Жалпы өткен жылы атқарылған жұмыс сапасы бойынша қала және аудан әкімдерінің қызметін бағалау рейтингісінде бірінші орында Тайынша ауданының басшысы, ал көш соңында Шалақын ауданының әкімі орналасыпты.

Айымгүл Әбілева