Білім

Білім беру сапасын бақылау

 

 

 

Білім беру саласындағы бақылау департаменті облыстағы жалпы білім беретін оқу ордаларының жұмысын тексеріп, бақылау жүргізумен айналысады. Департамент өз қызметіне 2011 жылдың 17 сәуірінен кіріскен. Бүгінде мұнда тәжірибелі әрі білікті мамандар жұмыс істейді.

Ерлан Әбелдинов, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:
– Біз білім беру саласын қадағалаумен емес, жай ғана бақылау жүргізумен айналысамыз. Бізге жүктелген міндет – білім беру мекемелеріндегі жағдайды зерттеу, жүйелік мәселелерді анықтау.

Жүргізілген бақылау бойынша арнайы талдамалы анықтамалар жасалып, аудан, қала көлеміндегі білім басшыларына жеткізіледі. Департамент қызметкерлері соңғы бес жылда жаңадан салынған мектептерге мониторинг жүргізген. Тексеруге Петропавл қаласы мен Жамбыл, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Айыртау, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарынан жиыны 10 мектеп енген. Сала мамандары мектептердің материалдық-техникалық базасы мен кадрлық құрамын тексеріпті.

Ерлан Әбелдинов, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:

– Нақты мекен-жай бойынша салынған мектептердің қаншалықты маңыздылығы барын анықтау мақсатында аудан мектептеріне бақылау жасадық. Соның барысында түрлі ұсыныстар жасалды. Осы 10 мектептің 2-уі 1 ауысым бойынша оқытылатын болды.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда зерттеулер көрсеткендей, мектеп салуды қажет ететін елді мекендер де жетіп артылады. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданында мемлекеттік тілде білім беретін мектеп-интернат салу қажет.

Ерлан Әбелдинов, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:

– Біздің алдымыздағы мақсатымыз – шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелерді анықтап, оның дер кезінде алдын алу үшін министрлікке жеткізу. Алдағы уақытта департамент осы тұрғыда көп істер атқарады деген ойдамын.

Өңірімізде бүгінде барлығы 601 мектеп бар. Онда 75 500 оқушы тәрбиеленуде. Білім беру саласындағы бақылау департаменті наурыз айына дейін облыстағы барлық мектептердің бақылау талдамасын шығармақ. Ал күзден бастап кәсіптік-техникалық білім беретін оқу ордаларын бақылауға алмақшы.

 
Әспет Әбдірешова