Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа құрамдағы облыстық мәслихаттың алғашқы сессиясы

 

 

 

Облыстық мәслихаттың 5-ші шақырылымының депутаттары залға ертерек келіп, өз орындарына жайғасқан. Бүгін баршасының көңіл-күйі жайдары. Халық қалауына сай деп танылғандары бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре. Ал үшінші қатарда өткен шақырылымның депутаттары жайғасқан. Бірақ олар да назардан тыс қалмады. Олардың есімдері бірнеше мәрте аталды сессия барысында.
 Сонымен, облыстық мәслихат құрамына 31 депутат кіріп отыр. Дені қазақ ұлтының өкілдері. Олардың саны – 19. Орыс ұлтынан 7  адам сайланса, 2 депутат – украин. Барлығы 6 ұлттың өкілдері кіріпті. Халық қалаулыларының орта жасы 50-ді құраған. Депутаттардың дені жоғары білімді мамандар, тек екеуінің ғана орта және арнайы білімдері бар. Мәслихаттың 5-шақырылымы 77 пайызға жаңарыпты. Өзгелері, бұған дейін де 5 жыл қатарынан халықтың мұңын билікке жеткізіп келген еді. Араларында депутат Қайырлы Едіресов те бар. Мәслихаттың жаңа құрамы оны бір ауыздан хатшы ретінде қайта тағайындауға дауыс берді.

Қайырлы Едіресов,  облыстық мәслихат хатшысы:
-Сенім білдіріп отырсыздар, рахмет! Үміттеріңізді  ақтаймын. Облыстық депутаттық корпустың мәртебесін арттыруға, облысымыздың экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында бар білімімді, тәжірибемді саламын. «Нұр Отан» партаиясы мен Президентіміз алға қойған міндеттерді орындауға уәде беремін.
 
Жаңа шақырылымның құрамына түрлі саланың өкілдері кіріпті. 5 депутат білім беру саласының қызметкері. Денсаулық сақтау мәселелерімен алдағы уақытта 3 халық қалаулысы  айналыспақ. Атап өтерлігі, ауыл шаруашылығын 11 адам арқалап келген. Сондай-ақ, өнеркәсіп пен қаржы салаларының өкілдері да баршылық. Бұл жолы депутаттыққа бұқаралық ақпарат құралдарынан сайланған депутат та бар. 5-шақырымның тағы бір ерекшелігі – нәзік жандар қатарының артуында. Бұл жолы 7 әйел-депутат сайлауда жеңіске жетті. Бұл – өткен жолғысынан 2 есе артық.

Бақытжан Сәмиева, облыстық мәслихаттың V шақырылымының депутаты:
– Әкіміміз Серік Біләлов алдымызға зор мақсаттар қойып отыр.
Мен өзім әйелдер, отбасы, қарт адамдардың мәселелерін қорғауды мақсаты етіп отырмын.
 
Жаңа депутаттардың алдында тұрған міндеттер ауқымды. Олардың бірқатарын сессияға қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов ерекше бөліп атап өтті. Халықпен етене жұмысты жақсартып, «Нұр Отан» партиясының халықтық тұғырнамасы “Қазақстан -2017. Ұлттық іс-әрекет жоспары” негізінде еңбек етуге шақырды өңір басшысы.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында «Нұр Отан» партиясының айқын жеңісі сенім артқан солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен қуаныш болды. Сайлауда жасаған таңдауымен солтүстікқазақстандықтар елде болып жатқан оқиғаларға ортақ екенін білдірді. Ел сеніміне ие болған депутаттарды шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор табыстар тілеймін. Депутаттар ел мүддесі үшін бірлесе  қызмет атқарады деген сенімдемін.
 
Жаңа жылдағы және жаңа құрамдағы мәслихаттың алғашқы сессиясында экс-депутаттардың атқарған істері де назардан тыс қалмады. Өңір басшысы Елбасы жолдауларының аясында қабылданған мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды қолдау бағытындағы, 2011-2015 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысының даму бағдарламасы үшін 4-шақырылымның халық қалаулыларына шексіз алғысын жеткізді. Бірқатар депутаттар  облыс тұрғындарының мәселелерін шешуге өз біліктіліктерін, күштері мен қаржыларын аяп қалмаған. Әсіресе, қайырымдылық шараларына барынша атсалысыпты. Серік Біләлов олармен байланыстың үзілмейтініне сенім білдірді. Сыйлық ретінде әрқайсысына жақында ғана баспадан шыққан “Елдің бағы: Елбасы, Ел бірлігі, Ел сенімі” жинағы мен “Жаңару уақыты: СҚО тәуелсіздік жылдарында» кітабын тарту етті.
 Депутаттар өзгергенімен, органға жүктелген міндеттер сол күйінде қалып отыр. Облыстық мәслихат құрамында 3 тұрақты комиссия жұмыс істемек. Экономика салалары, экология, бюджет, салық және қаржы мәселелері бойынша комиссияға енді депутат Әлім Шүкенов төрағалық етпек. Халықтың денсаулығын сақтау және оны әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, жастар ісі мәселелері бойынша комиссияның төрағасы етіп депутаттар Светлана Кашенцеваны сайлады. Ал Кәрібай Мұсырман депутаттар өкілдігі, азаматтардың құқықтары мен заңдар, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты коммиссияға жетекшілікке таңдалды.
Алғашқы сессияда негізінен ұйымдастырушылық мәселелер қаралғанымен, халық қалаулылары 2012-2014 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгеріс енгізу туралы ұсынысты да қабыл алды.

Аида Балабаева, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
Ел үкіметі 2012 жылғы қаңтардың 5-інде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы жағдайды тұрақтандырудың кейбір мәселелеріне қатысты қаулыны бекіткен болатын. Бұл қаулыны орындау мақсатында облыс бюдежетінен Жаңаөзен қаласына 100 млн теңге бөлу ұсынысын қолдауды сұраймын.  

Әзірше, депутаттар ұйымшылдық танытуда. Ұсынысты бір ауыздан құптап, қолдап шықты. Алдағы жағдайды уақыт көрсететін болады. Атап өтерлігі, 31 депутатттың барлығы “Нұр Отан” партиясының мүшелері.

 Гүлмира Шоқтыбаева