Құқық қорғау органдары

Облыстық қаржылық бақылау инспекциясы 2011 жылды қорытындылады



 

 

Өткен жылы өңіріміздің бюджеттік мекемелерінде тіркелген   заңбұзушылықтардың 75 пайызы қаржылық екен. Өзгелері есеп беру тәртібін елемеу мен мемлекеттік сатып алу заңдарының орындалмауына қатысты. Негізінен бұл олқылықтар облыстық қазынадан қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар нысандарда анықталыпты.

Зәуреш Қапарова, СҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары:
– Облысымыздың құрылыс саласында 2 млрд 817 млн теңгенің заңбұзушылығы тіркелді. Қалалық, аудандық білім бөлімдерінде 1 млрд. 453 млн теңге дұрыс реттелмеген. Денсаулық сақтау басқармасына бөлінген жарты млн теңгенің жұмсалуында да сәйкестіктер табылмады.  

Бұған жол берген 296 лауазымды тұлға тәртіптік кеңес алдында жауап берді. Осыған қатысты толтырылған 46 хаттаманың негізінде 5 млн. 292 мың теңгенің айыппұлы салыныпты. Бүгінде бұл соманың жартысынан астамы өтеліп,  бюджетке түскен. Қаржылық бақылау мамандарының бастамасымен 13 қылмыстық іс қозғалды. Қызметтік бабын асыра пайдаланған 4 тұлға сот алдында жауап берді. Өңіріміздің 7 бірдей ауданында мемлекеттік сатып алу заңы бұзылған.

Зәуреш Қапарова, СҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары:
– Бұл төңіректе 1 млрд. 757 млн теңге тапсырыстың  орындылығы күмән туғызады. Мемлекеттік сатып алу бойынша ең көп заңбұзушылыққа жол бергендердің тізімін М. Жұмабаев ауданы ашады. 11 пайызы Қызылжар ауданының үлесінде болса, тайыншлықтарға тиесілі 209 млн. теңгенің тапсырысы заңға қайшы жасалған.  

2010 жылмен салыстырғанда былтыр қаржылық заңбұзушылықтар 1,9 пайызға артқандығы байқалады дейді мамандар. Енді биылдан мемлекеттік тапсырыс алатын үкіметтік емес кәсіпорындардың жұмысын тексеру де қаржылық бақылау инспекциясының құзырында болмақ.

Жеңіс Ермұқанов