Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Серік Біләлов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болды

Өңір басшысы алдымен “Наурыз 2030” серіктестігінің жылыжайларын аралады. Өткен жылдың қараша айының соңында мұнда 3 га қияр, 1 га қызанақ пен 120 лимон ағашы отырғызылыпты. Жылыжайда көкеністерді өсіруге жарық жеткіліксіз көрінеді. Серіктестік жетекшісі тәжірибе жасап көрген. 600 ваттық қосымша шамдар орнатылған аумақта қияр пісіп қалыпты. Ал мына күн сәулесінің көмегімен ғана жетіліп жатқан тұқымдар әлі шықпаған.

Гюлага Илдырымов – “Наурыз 2030” ЖШС директоры:

Егерде тәжірибені жетілдіретін болсақ, өнімділік екі есе артады. Сонда қала базарларын көкеніспен жыл бойы үзбей қамтуға болады. Сондай-ақ, қыс мезгілінде шарықтайтын бағаларды ұстап тұруға жақсы мүмкіндік туар еді.

Көкеністерді қажетті жарықпен қамтамасыз ету үшін әр секцияға 600 ваттық 250 шам орнату қажет. Әрбірінің құны 20 мың теңге. Бұл жұмыстарға 160 млн. теңге қажет көрінеді. Өткен жылы 4 мың тонна көкеніс өсіруге бағытталған жылыжай бар болғаны жоспардың жартысын орындапты.

Серік Біләлов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл жылыжайдың қуаттылығын 3 мың тоннаға дейін ұлғайту керек. Ол үшін жаңарту жұмыстарын жылдам әрі сапалы орындаған жөн. Қажетті соманың 49 пайызын «Солтүстік» әлеуметтік корпарациясы арқылы алуға болады. Өзгесі шаруашылықтан шығу керек. Немесе жобаның тең жартысын қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктер арқылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан төмен үстеме ақымен несие алу мүмкіндігін қарастырамыз.

Серік Біләлов шаруашылықтың көкеніс қоймасында болды. Өткен жылы серіктестік 250 млн теңгенің көкенісін саудалаған. Қырыққабаттың келісі 25, ал сәбіз 50 теңгеден өткізілуде.

Қызылжар ауданына жасаған жұмыс сапарының барысында өңір шетекшісі сондай-ақ, “Әбижер” ЖШС-не де соқты. Шаруашылық жылыту қазандықтарын шығаратын германдық зауыттың Қазақстандағы жалғыз өкілі. Отынды жергілікті пештерден 2 есе үнемдейтін қондырғыларды шетелден тікелей тасымалдаумен айналысады. Ағаш үгінділерімен жағылатын 150 ваттық мына пеш 2,5 мың шаршы метрді жылытуға жеткілікті көрінеді.

Игорь Гришанов – «Әбижер» ЖШС директоры:

Инновациялық жоба ұзақ мерзімді. Германдық фирма 5 жылға кепілдік береді. Жалпы бұл пештер 25 жыл қызмет көрсетуге жарайды. Жағылған шикізаттан тек 1 пайыз күл шығады. Оған қажетті отын үгінділерін әзірлейтін қондырғымыз бар. Тапсырыс бергендерге қысқа мерзімнің ішінде тікелей Германиядан жеткізіп, орнатып береміз.

Антон Федяев – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы:

Бәрі автоматтандырылған. Шаруаға қажеті жоқ ағаштың қалдықтарымен жұмыс істейді. Бұл өте тиімді. Қоршаған ортаны түтінмен бөлінетін зиянды заттардан тазартатын құрылғысы бар. Құны 16 млн. теңге.

Өңір басшысы облысымызға қолайлы заманауи құрылғыны ендірудің өміршеңдігіне көз жеткізді. Пилоттық жобаны бірқатар әлеуметтік нысандарға қосу керектігін алға тартып отыр.

Серік Біләлов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Солтүстіктің ызғарлы табиғатынан аман алып шығатын пешке ұқсайды. Оларды қазандықтары әбден тозған мектептерге орнату керек. Бірінші кезекте, Қызылжар ауданы бойынша Белое, Рассвет, Соколовка елді мекендеріндегі білім ошақтарына қосып көреміз. Оң нәтиже берсе, өзге әлеуметтік нысандарға орнататын боламыз.

Серіктестік сондай-ақ, өңір агроқұрылымдарына астық кептіруге арналған Польшалық қазандықтарды да ұсынып отыр. 750 КВТ-тық пеш сағатына 20 тонна бидайды құрғатып беруге қауқарлы. Бұрындары тәулігіне кептіргіштерге 3 мың тонна жанармай жұмсалатын. Шетелдік қондырғы дәл сол жұмысқа бар болғаны 9 мың тонна шөпті қажет етеді екен. Ол үшін қажетті орамаларды мына арнайы машина жинап береді.

Жеңіс Ермұқанов